РусскийҚазақша             RSS Twitter Facebook
Бүгінгі таңда облыстық кітапхананың кітап қорында 400 мыңнан астам кітап және 1 миллионға жуық мерзімді басылымдар бар
Телефон:   +7 7292 51 46 24 Толық байланыс мәліметтері

Маңғыстаудың зергерлік өнері

Ұлттық мәдениетіміздегі дәстүрлі қолданбалы өнер халқымыздың тарихымен, ұлттық болмыс-бітімімен, дүниетанымымен үндесе дамып келе жатыр. Тамырын тереңнен алатын қолданбалы өнердің көрікті де, көрнекті саласы зергерлік өнер атадан балаға, ұстаздан шәкіртке аусып отыратын, тылсым сыры бар киелі де қасиетті өнер, қастерлі кәсіп.

   Басқаны былай қойғанда сонау біздің дәуірімізге дейін V ғасырда өмір сүрген сақ жауынгерінің киіміндегі ою-өрнектің Маңғыстау жеріндегі тастағы таңбаларымен үндес, ұқсас екендігін ғалымдар да, оны қалпына келтірушілер де баса айтқан болатын. Әрісін айтпағанның өзінде өлкеміздегі Түбіжік, Қосқұдық, Қызылқала сияқты тарихи ескерткіштердің орнына археологтар қазба жұмыстарын жүргізген кезде өте ерте ғасырларға жататын әшекейлерді тауып, Маңғыстау өлкесінде зергерлік өнердің сол кезеңдерден дамығандығын айғақтай түседі. 

           Оттың жалынында, көріктің көмейінде металлды балқыту, төс пен балғаның ортасында икемге келтіру, көркемдеу, өңдеу Маңғыстауда әуелден дағдыға сіңісті кәсіп.

          Зергерлер еліне қалқан, досына дарқан, жауына сойқан батырларға арнап алмас жүзді айбалта, қозы жауырын жебе, сауыт, дулыға, көк сүңгі, жалаулы найза жасаса, ағаштан түйін түйгендері бесік, домбыра, кебеже, жүкаяқ, шертер, сыбызғы, аса-таяқ, зерең, т.б. тұрмыстық заттар мен аспаптарды жұртының игілігіне жаратқан.

          Зергерлердің арқасында білезік, жүзік салмайтын, шашбауына сыңғырлатып шолпы тақпайтын адайдың қыз-келіншектері некен-саяқ кездескен. Кіселі, деңмент белдік салмайтын жігіттер де сирек көрінген.

        Зергерлердің алтын, күміс, қоланы құю, қақтау, термелеу, кіріктіру, өру, бұрау, қырлау, соғу, бедерлеу, зерлеу, сіркелеу тәсілдерін аса жоғары сапада меңгергендіктері сондай, Адай үлгісіндегі, түрлі формадағы білезік, өңіржиек, алқа, түйме, қапсырма, белбеулердің небір үздік үлгілері XVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басында сирек ұшырасар асыл мұралар ретінде Санкт-Петербургтегі Шығыс халықтарының этнографиялық мұражайында сақтаулы тұр.

         Бірқатары кезінде Орынбор қаласында қалдырылған. Соның біраз бөлігі-Маңғыстаудың түрлі киім үлгілері мен зергерлік бұйымдары Қазақстан республикасының Орталық Мемлекеттік мұражайында және Ә.Қастеев атындағы Өнер мұражайында сақтаулы.

           Мұндай ғажайып қазынаға қайран қалған өнер зерттеушілері А.Л.Мелков пен А.Н.Четыркина «Адай әйелдері мен қыздарының кеудеге салынатын өңіржиек,алқалары, шашбауға байланатын алтын, күміс әшекейлері жасалуы жағынан қолөнердің ғажайып туындысы», - деп мойындады.

        Осы баға жетпес туындылар-ұлттық зергерлік бұйымдарда Маңғыстаудың айтулы зергерлері – Сартай, Сегізбек, Ізқара, Есет, Көбей, Сеңгірбек, Мұрын, Зәкір Нәдірбек, Мәрт Назаров, Бекқожа Қоштаев, Күмбетбай, Атанша, Қыдырбай, Қонарбайлардың асқан шеберлігі мен қолтаңбалары сақталған.

       Зергерлер көбіне бағалы металлдардың ішіндегі ең қолайлысы күмісті пайдаланған. Өйткені, күмістің жылтыраған түсін, әр түрлі техникалық тәсілдерге икемділігін, жұмсақтығын және тазалығын жоғары бағалаған. Зергерлік бұйымдардың жарасымдылығы, айбындылығы Маңғыстау әйелдері әшекейлерінің өзіндік ерекшелігі болып табылады.

     Маңғыстау зергерлері ХХ ғасырға дейін көне тәсілдерді қолданып келді. Қолдағы шағын материалдардан күрделі әшекей бұйымдар жасады, оны қажет пішінде жымдастырып, дәнекерлеп, одан кейін бет жағын сіркелеп, шиыршықтап жиектеп, көз салып, асыл тастармен безендірді.

      Зергерлер әр түрлі күміс әшекей бұйымдарын әсемдеу үшін ақық (сердолик) , бирюза, маржан (коралл) , т.б. асыл тастарды пайдаланды.

       Өлке үстімен өтетін Жібек жолы тармағы арқылы сауданың жақсы дамуына байланысты зергерлер орыс және иранның күміс теңгелерін көптеп пайдаланды.

    Ұста мен зергерлерге бірдей қажетті құрал-саймандар-көрік, төс, балға, шапқы, сапты шапқы, қысқаш, тескіш,көсеу, қайшы, сым созатын және шеге жасайтын қалып, металл балқытатын бақыраш  не ожау, шағын төс, егеулер, ұшында сан түрлі бедерлері бар темір қадаубастар, үшкір пышақ, өткір біз, күміс өлшейтін безбен, т.б. сияқты саймандар.

     Зергерлердің құралдары мен өзінде ерекше бір сиқырлы күш бар деп есептелген.Ата-бабамыз көрікті қасиетті санап, оның үстінен аттамаған, қастерлеп сақтаған.Зергерлік бұйымдар да, оны жасаған құралдар да киелі саналған. Олар «пәле-жаладан сақтайды, ауруды жазады, өнімді көбейтеді» деп сенген. Зергерлер іс бастарда бірнеше уақыт көрікті ұстап, одан қуат алып үнсіз отыратын болған.

     Бармағынан бал тамған зергерлер өсиет-өнегеге толы нәзік те, күрделі зергерлік бұйымдарды әр түрлі әдіспен орындайды.

       Зергерге аса қажетті қасиет-суретшілік, дәлдік, икемділік, ептілік. Халық арасындағы «зергердің көзі өткір, қолы ұсынақты, ойы жүйрік» деген сөз тіркесі зергерлікті құрметтеуден туған.

     Әсемдігіне, салтанаттылығына ерекше мән берілетін, әйел әшекейінің ең қымбаты ұзатылатын қыз киетін бас киім-сәукеле. Сәукеле ұзатылатын қызға ата-анасының тапсырысы бойынша алдан-ала дайындалады. Оның негізін ақ киізден биік конус тәрізді етіп тігіп, сыртын қызыл барқыт немесе мақпалмен тыстайды. Содан соң жарқыраған асыл тастармен, алтын-күміс әшекейлермен безендіріп, құндызбен жиектейді.

     Маңғыстау жерінде кездесетін әшекейдің бір түрі-бас киімге немесе самайға ілінетін, салтанаттарда ғана тағатын шекелік.

    Кейбір жерлерде оны самайсырға деп атайды. Шекелік тізбектеле орналасқан тербелмелі, сыңғырлаған салпыншақтардан жіңішке шынжыр мен жыланбас тәрізді  бөліктерден тұрады.

       Қазақ әйелдерінің тұмар сияқты ежелден қасиет тұтар күнделікі тағып жүретін әшекейінің бірі – сырға. Олар: айшық сырға ,ай сырға, тұмарша сырға, салпыншақты сырға, қозалы сырға, көзі бар сырға, қарала сырға, қоңырау сырға, сабақты сырға, күмбезді сырғалар.

       Әйел әшекейлерінің ішінде ерекше сәнді әрі күрделілерінің бірі – шашбау мен шолпы. Шашбау салпыншақтары бір-біріне тиіп, шылдырлап, сыңғырлап, сүйкімді дыбыстар шығарады. «Сыңғырлаған күлкісіне сылдырлаған шолпысы үн қосар» деген әдемі тіркес осыдан қалған. Шашбаудың пішіндері мен көлемі әйелдің жасына қарай өзгеріп отырады.

       Көлемді де көрнекті зергерлік бұйымның бірі – өңіржиек. Ол қалыңдыққа арналып жасалатын, мереке-тойларға ғана тағылатын негізгі әшекей бұйымдардың бірі. Өзара бір-біріне үзбелеп бекітілген бірнеше үлкенді-кішілі өрнекті таспалардан тұратын салмақты да салтанатты өңіржиектер өзінің сәнділігімен, үйлесімділігімен ерекшеленеді. Өңіржиек 3,5,7 таспадан тұрады. Таспалар төртбұрышты, ал ең төменгісі бесбұрышты болып аяқталады.

        Өңіржиекте, әйелдердің әшекей бұйымдарын ромб (шаршы) өрнектері толықтырып отырады. Ромб – өсімталдықтың белгісі. Ол ортағасырлық әйел пішініндегі балбал тастарда да кездеседі. Өңіржиектің мағынасы ұрпақтың өсіп-өркендеуі, оның жалғастырушысы әйел адамның рөлі, қауіп-қатерден сақтану сияқты жайларды білдіреді. Ертедегі сенім бойынша, өңіржиек әйел адамның  құрсағын және кеудесін тіл-көзден, бәле-жаладан сақтайды деп сенген.

        Өңіржиектің қыз балаға арналған түрі өңіртал деп аталады. Өңіртал көбінесе қызыл түсті шыныдан не ақық тастан көз салынып шынжырмен мойынға тағылады.

        Мойынға тағып жүретін әсем шынжыр бауы бар әшекейдің бірі – бойтұмар мен тұмарша. Оны зергер күмістен бұрыштап немесе жұмыр түтікше тәрізді етіп жасайды, т.б. Тұмардың іші қуыс болады, онда бәле-жаладан қорғайтын дұға салынады.

       Әйелдердің киімінің өңіріне қадайтын немесе жіппен, шынжырмен мойынға ілетін әшекей бұйымның бірі – бастырма.

         Оның көлемі, пішіні өңіржиектің таспаларына ұқсас әр түрлі болып келеді.

       Қазақ әйелдерінің  киімге тағатын күміс әшекейлері де көп болған. Бұлардың қатарына: қапсырма, тана көзді түймелер жатады. Қапсырмалардың пішіндері әр түрлі болады. Олардың көлемді және жалпақ түрлері көп кездеседі.

        Ақық тас, тағы басқа түрлі түсті тас көздері бар зергерлердің көп жасайтын әшекейлерінің бірі – үлкенділі-кішілі түймелер. Оны ішін қуыстап, әр түрлі кескін бере күмістен жасайды.

        Жүзіктердің формалары мен ондағы символдар тіл-көзден сақтайды деген мағынадан туындаған. Батыс Қазақстан әсіресе Маңғыстауда жүзіктер өзінің ірілігімен, көлемділігімен ерекшеленді.

        Екі саусаққа қатар тағылатын құдағай жүзіктің қос бауырдағы болады. Мұндай жүзіктер құдандалы екі рудың бір-біріне ынтымағы үшін сыйға тартқан.

       Күмістің зиянды микробтарды өлтіретін қасиеті күшті, сондықтан әрбір қазақ әйелінің қолындағы жүзік не сақина ол пісірген астың адалдығының куәсіндей болған.

       Құстұмсық жүзік – бақыттылықтың, тәуелсіздіктің, еркіндіктің белгісін білдіретін, бойжеткен қыздар тағатын жүзік. Жүзіктің формасы құстың тұмсығы тәрізді.

      Отау жүзік – атынан-ақ білініп тұрғандай, отауды бейнелейді. Бұл жүзікті күйеуінің ұрпағын жалғастырушы болып есептелгендіктен қалыңдықтың саусағына таққан. Жүзіктің үсті конус болып келеді.

        Әйелдерге арналатын әшекейдің көбі – білезік. Оны қыз-келіншектер де, орта жастағы әйелдер мен үлкен әжелер де салады.

      Білезіктердің: сыңар білезік, қос білезік, бес білезік, жұмыр білезік, көзді білезік, үзбелі білезік, топсалы білезік, т.б. түрлері болады.

     Қос білезік – екі қолға тағатын жалпақ бауырлы білезік. Оларға көбіне «сыңар өкше», «ырғақ, «бұрама» өрнектері салынып, кейде  тас «көз» қондырылады. Бұл өңірде әйелдер қос білезік салады.

     Бес білезік – білезік пен бірнеше сақиналардан тұратын тойлар мен салтанаттарда тағылатын білезік.

    Белдік – қазақ әйелдері мен ер азаматтары бірдей тұтынған асыл бұйым. Белдіктің негізі – тартпасы әр түрлі теріден (көн, қайыс, былғары) жасалып, оның үстіңгі бетіне оюлап өрнектелген күміс таспалар (пластинкалар) орнатылады.

     Салтанатты жағдайларда тағылатын белдіктердің ою-өрнектері де күрделене түседі, таспаларына алтын жалатылып, кейде бағалы тастар орнатылады.

      Адамның деке бас тазалығына арналған (гигиена құралдары) күмістен жасалған құлақ шұқығыштар мен тіс шұқығыштар пайдалануға ыңғайлы жасалса, насыбай шақша жан қалтада алып жүруге бейім етіп жасалады. Шақшаны киіктің, ешкінің мүйізінен жасап, кейде оған күміс шегелермен ою-өрнек салып, күмістен, жезден, қола мен қалайыдан соққан.

      Осындай кезінде әдемі жасалған шақшаны бесті атқа айырбастап алған.

      "Ер қанаты - ат" десек, ер-тұрман жасау ісіне ерекше мән берілген. 

     Әр өлкенің өзіне тән ер-тұрман, ат әбзелдері бар. Маңғыстау өңірінде тараған ерлер: «ақ басты ер», «құрама ер», «қозықұйрық ер», «ашамай», т.б.

     Әйелдердің ер-тұрманы әсем де қымбат болған. Ер-тұрманды, жүгенді, мойындықты – алтындап, күмістеп, жездеп, сүйекпен өрнектеп жасау, бағалы тастар орнатып әшекейлеу оған салтанатты түр берген.

     Мұндай ерлер лауазымды тұлғаларға, көсемдер мен батырларға арнайы тапсырыспен жасалған. Өте сәнді ер-тұрманның бағасы он екі қараның бағасына жеткен.

     Зергерлердің қолынан шыққан не бір әсем бұйымдардың ішінен қима теңге (жас нәрестелерді емдеуге арналған), күміс оймақ, күмістелген ұршықбас т.б. ірілі-ұсақты тұрмыстық бұйымдарды кездестіруге болады. Бұлар зергердің тек сәндік бұйымдарға ғана емес, күнделікті тұрмыстық заттарға да ерекше назар аударғанын көрсетеді.

   Осынау қазақ мәдениетіне қайталанбас қолтаңбасын қалдырған зергерлер еңбегі үлкен құрметке лайық. Халқымыздың қанына сіңген зергерлік өнер мен болмысымыздың жақұтындай болған зергерлік бұйымдар ұлтымыздың баға жетпес байлығы, мол мәдени мұрасы. 

Жарияланған күні: 25-04-2018  
Оқылған саны: 254