• Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы,19А шағынаудан , 1/1 ғимарат
  • Сейсенбі - Жұма: 09:00-18:30
    Сенбі - Жексенбі: 10:00-18:30
    Дүйсенбі - демалыс

Сценарийлер

«Жыр-менің жалғыз тарланым» атты Фариза Оңғарсынованы еске алу кеші

Жүргізуші: Қайырлы күн құрметті кітапхана қонақтары мен оқырмандар! Қазақ поэзиясында  ойып тұрып орын алған, барша қазақты өз өлеңімен тамсандырған, сазгерлерге ән салдырған, туралығымен турап түсер мінезі бар, қара домбырада қалықтай күй шертіп  қаймана қазақтың қыздары қай жағынан да мықты екенін таныта жүрген, бір қазақтың емес, бар қазақтың қызы атанған Фариза апамыз дүниеден өткенде барша қазақ даласы күңіренді.

Далам менің – қазынам, жыр сандығым,

Жыр нәрімен жер балқып, босанды құм.

Сортан жердің тұзы бар тамырымда

Ақшылтымдау сондықтан жусан жырым-

деп ақын апа өзі жырлағандай,  1939 жылдың 5-желтоқсанында  Атырау облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туған. Шығармашылығы үшін Мемлекттік сыйлықтың иегенрі атанып, құрмет грамоталарымен және «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған. Ақын ғана емес, қоғам қайреткері  ретінде де 1996-2004-жылдары ҚР парламенті мәжілісінің 1-2-шақырылымдарында депутат болған шағында тұңғыш рет қазақ тіліндегі ана мен бала құқығын қорғау туралы заң жобасын әзірлеген де осы Фариза апамыз болатын. Алла өзі берген жанын өзі алады деген, міне,  қазақ ақын қызынан айырылғанына  40 күн болып та қалыпты. «Жыр- менің жалғыз тарланым»  атты Фариза Оңғарсынова апамызды еске алу кешіне жиналып отырмыз. Бүгінгі кешті ашу үшін сөз кезегін  кітапхана директоры Зәуре Жаншақызына береміз.

 /Директор сөйлейді/

Жүргізуші:
Өмірдің өткелдерінен
қиындық көп көргеніммен,
өртеніп от басқаныммен,
өзіңмен қоштаспадым мен.
Күлкімді, жайлы күнімді,
азапты, қайғы-мұңымды
өзіммен бөліскенің үшін,
қатем мен жеңістерім үшін
менің мынау қиындау тағдырым болып
о баста көріскенің үшін
Өлең, мен сені аялап өтем!- деп,

қанатты жырға қарлығаштай болып жыр себелеген ақынның көзін көрген, жырына сусындаған, ақылын тыңдап, батасын алған, сөз әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүрген  және ақын жырын жастана оқып, жырын жаттап өскен оқырмандары мен Астана қаласында елмен бірге күңіреніп,  ақын апамызды мәңгілік сапарға шығарып салысқан жандар да  арамызда отыр.  «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмей-тұғын артына сөз қалдырған» - деп ұлы Абай атамыздың өзі айтып кеткендей, әлі талай ғасырларға өзінің жырымен жететін Фариза апамыз жайлы  өз сырларыңызды, естеліктеріңізді ортаға сала отырыңыздар.

Білім беру ісінің үздігі О.Қосай, ақын А.Рамазанова, журналистер Қ.Нұржаубаев сөйледі.

/Естеліктер айтылады/

Жүргізуші: /Сөз арасында/: Фариза Оңғарсынова «Маңғыстау монологтары» өлең топтамалары үшін 1984 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Ақын өлеңдерін  тыңдай отырайық.  Оқитын:  Маңғыстау гуманитарлық колледжінің студенті, Аудандық Абай, Махамбет, Мағжан, Мұқағали оқуларының бас жүлдегері, Ақтау қаласында Тәуелсіздік күніне орай Студенттер арасында мүшәйрадан 2 орын иегері Амангелді Рысбай Фариза апамыздың өлеңін оқиды. Болашақ колледжі студенттері де өлең оқтды.

/Фариза Оңғарсынованың өлеңі оқылады/

Жүргізуші:

Жұрт мені қатал дейді,
найзағайдай мінезі шатырлаған,
біреулері айтады акыл маған:
өркөкірек, тәкаппар, менменсіген...
ұнатпайды дәл мұндай ақынды адам
(одан сайын мен шіркін қатуланам).- деп,

қазақ қызының ғана бойында болатын нәзіктік пен қайсарлықты қоса тізгіндей білген  мінезімен өзгені қаймықтыра білген ақынның жыр жазуының өзінде-ақ өзгешелік байқалып –ақ тұр емес пе? Осылай өзгеге ұқсамайтын қырымен ақын апамыздың жалынды жырлары қазақ көгінде  мәңгі қалықтап қалып қойды.

/Естеліктер айтады/

Жүргізуші: /Сөз арасында/: Мұқағали Мақатаев өзі өмірден өтерінің алдында «қазақтың жігітінен дос таба алмай, қыз да болса мен саған мұң шағамын» деп Фариза Оңғарсыноваға өлең түрінде хат жазып қалдырған екен. Сол хаты кейін халық арасына ән болып таралды, қазір де  әр қазақтың көкейінде жүрген ән.  Ендеше, «Фариза» әнін Абыл атындағы балалар өнер мектебінің ән-терме сыныбының мұғалімі Мұсаева Таңсұлу Балықбайқызының орындауында қабыл алыңыздар.

/Ән орындалады/

Жүргізуші:  Фариза апамызға аға ұрпақ ән арнаса, қазіргі жас ұрпақ та ақын апамызға өз әндерін арнады, арналып та жатыр. Сондай әндердің бірі «Фариза апа» әні,  сөзін жазған  атыраулық жас ақын  Бақытгүл Бабаш пен әнін жазған сазгер Роза Әлқожа. Бұл әнді Фариза апамыз көзі тірісінде тыңдап, «Мұқағалидың музасы  мұңға батыратын еді, мынау бір көңілге жақсы әсер ететіндей ән екен » деп, риза болып, батасын берген екен. Осы кешке орайластырылып ақын суреттерінен бейне-слайд жасалды. Сол слайдпен қоса «Фариза апа» әнін тыңдап көрелік.

/Слайд көрсетіледі/

Жүргізуші:  Сондай-ақ, Фариза апай жас ақындарды үнемі жинап, өлеңдеріне баға беріп қана қоймай, бағыт- бағдар да беріп отырған. Қазіргі таңда жас буын арасында белгілі, өсіп келе жатқан жас ақындар Қалқаман Сарин, Бауыржан Қарағызұлы, Азамат Тасқараұлы, Бақытгүл Бабаш сынды жас ақындарға өз батасын берсе,  елге келгенде Рахат Қосбармақ ағамызды, Гүлай Дәуітбаева, Анар Шамшатдинова, Гүлнар Науырша апаларымызды іздеп, сұрап отырған екен. Міне, осы ақындар дәл қазір арамызда отыр. Ал, құрметті қонақтар, ақын Фариза Оңғарсынова апамыз туралы өз естеліктеріңізді одан әрі өрбіте отырыңыздар.

/Естеліктер айтылады/

Жүргізуші:

Ойнайтын қас жүйріктің құлағында
балаушы ем бар қазақты қыран ұлға;-деп

Фариза апамыз жырлағандай, қазақтың ірілігі мен кесектігі қашан да қанындағы қасиет.  Ақынды өлтірмейтін жыры болса, ақынның мәңгілік жасауы- жыр қадірін ұғатын ұрпақтың болуында да. Фариза апамыздың жырын оқып, өзі де ақын поэзиясынан қуат алып, жыр жазып жүрген жастар да аз емес, қазір де арамызда отыр. Ақынға арнап жыр жазған жас ақын жыр оқиды. Ендеше тыңдай отырайық: ________________________________________________

/Фариза Оңғарсыноваға арнау өлең оқылады/

Жүргізуші: Ақын қазасы – қашанда ауыр.  Барша қазақ Фаризасын жоқтайды.  Бірақ, қазақ үшін Фариза қашан да тірі, жырларымен талай саналарда жатталып, әлі талай кешінің куәгері боламыз.

Адамның асыл қасиетінің бірі- аманатқа қиянат жасамау. Ал, ендеше Фариза апамыздың  «Мен тілеймін күңкіл мен ұсақтықтан, Сақтағай деп даламның жігіттерін» деген  арман- тілегіне адал болып, адамдықтың биігінен табылайық. Ақын рухын ардақтап, естеліктеріңізбен бөліскендеріңіз үшін барлығыңызға ақын рухы да риза шығар деген ойдамыз. Сау-саламатта болыңыздар! 



Күйші,Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет»өрденінің иегері                         Сержан Шәкіраттың 75 жас мере

Жаңалыққа өту  

Суретші,қазақтың бейнелеу өнерінің негізін салушы    Әбілхан Қастеевтің туғанына 110 жыл  

Жаңалыққа өту  

Библиографиялық шолу: «Астана – бас қала» 

Жаңалыққа өту  

«Астанаға саяхат» Кеш мақсаты: ● Астана қаласына саяхатқа барып, әсем ғимараттарымен танысу. Тәрбиелік: Өз еліне, жеріне деген мақтаныш сезіміне ...

Жаңалыққа өту  

Жүргізуші: Қайырлы күн құрметті кітапхана қонақтары мен оқырмандар! Қазақ поэзиясында  ойып тұрып орын алғ

Жаңалыққа өту  

ешке Ғ.Құрманғалиевтың шәкірттері және олардың шәкірттері, ән-терме орындаушылар, студенттер қатысады. Кеш барысында к

Жаңалыққа өту  

БАЙЛАНЫС ТЕЛЕФОНЫ

+7 (7292) 30 31 13

ЖҰМЫС УАҚЫТЫ

Сейсенбі - Жұма: 09:00-18:30
Сенбі - Жексенбі: 10:00-18:30

Дүйсенбі - демалыс

Әмбебап кітапхана қызметін пайдалану ережесі

Оқып шығу