• Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы,19А шағынаудан , 1/1 ғимарат
  • Сейсенбі - Жұма: 09:00-18:30
    Сенбі - Жексенбі: 10:00-18:30
    Дүйсенбі - демалыс

Сыдиықов Қ.

Қабиболла Сыдиықұлы

Қазақстан Республикасы Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымының кандидаты, ақын, әдебиеттанушы Қабиболла Сыдиықұлы 1934 жылы 18 наурызда Атырау облысының Жылой ауданындағы (қазіргі Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы) Қарақұм мекенінде дүниеге келген.  

Әкесі Сыдиық Ишанұлы ата-бабалары дәстүрімен діни-ағартушылық жолды мұрат етіпті. Жылой жеріндегі Дүйсеке мешітінде Әби ахуннан білім алған мұсылманша сауатты адам болған. Кеңестік кезенде – 1930-1945 жылдар «діндар, қоғамға жат адам» деген желеумен сан рет тергеуге алынып, елдің ықыласы мен ауыл, колхоз басқарған азаматтардың кісілігі арқасында аман қалады.  

Шешесі Ағия Кеңесқызы Сүйінғара батырдың ұрпағы екен. Ол ел өмірінде ертелі-кешті өткен оқиғаларды көп білетін әңгімешіл адам болыпты.

Қабиболла Сыдиықұлы туып-өскен Қарақұм өңірінде Маңғыстау, Атырау елдерінің жыр, күй дәстүрін өмірсерік еткен өнерпаздар көп болған. Ол саф таза ауада, мөп-мөлдір ашық аспан астында қырандай қанат қаққан асқақ ән әуені мен бағзы дәуірдің жан сырын жеткізген жыр, күйлер сазына бөлене өседі. 1950 жылы Құлсарыдағы Абай атындағы орта мектебін бітіріп, 1950-1955 жылдар Жылой ауданында халыққа білім беру саласында жұмыс жасайды. 1955 жылы Атырау оқытушылар институтының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін, 1960 жылы Қазақ университетінің филиология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітірген. 1950-55 жылдары Атырау облысы Жылой ауданының халық ағарту саласында, 1960-69 жылдары Атырау педагогикалық институтында оқытушы, аға оқытушы, доцент міндетін атқарушы, 1969-82 жылдары ҚР ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институының әдебиет тарихы бөлімінде кіші, аға ғылыми қызметкер болып істейді. 1982-84 жылдарда Форт-Шевченко қаласындағы Т.Шевченко мемориалдық музей-комплексінің директоры болған. 1984 жылдан М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері болып өмірінің соңына дейін істеді.

  Қ.Сыдиықұлы жергілікті және республикалық баспасөз беттерінде 1949 жылдан бері өлең, очерк, мақала, ғылыми зерттеулер жариялап келді. 1959-1985 жылдарда Атырау, Маңғыстау, Орал, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан (Тарбағатай, Зайсан өңірін), Түрікмен, Қарақалпақ аймағын аралап, халқымыздың әдеби, мәдени мұраларын жинады. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының әдеби, һәм музыкалық мұралар жинау жөніндегі 1986 жылғы Өзбекстан, Тәжікстан, 1987 жылғы Маңғыстау, 1989 жылғы Түрікменстан, Өзбекстан, Атырау экспедицияларына ғылыми жетекшілік етті. Ақын-жыраулар мұрасын, халық әндерін, ауыз әдебиеті нұсқаларын, шежірелер мен тарихи деректерді жинауға зер салды.

  Қ.Сыдиықұлы ақын-жыраулар мен әнші-күйшілер, әдеби, мәдени, тарихи, архитектуралық мұралар, қол өнері, халықтар достығы, Маңғыстау, Атырау тарихы хақында кітаптар, әдеби, ғылыми зерттеулер, публицистикалық мақалалар мен өлеңдер, очерк, суреттемелер, әдеби мұралар жариялады. Олардың бастылары «Жас дәурен» (1962), «Теңіз лебі» (1968), «Ақберен» (1972), «Маңғыстау» (1973), «Ақын-жыраулар» (1974), «Октябрь арайында» (1979), «Дала жыршылары» (1989), «Көркемдік өрнектер» (1992) атты жинақтар.

  Қабекеңнің қатысуымен «Біржан сал мен ақын Сараның айтысы» (1960), «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (1967), «От ортасынан оралмағандар» (1972), «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» (1976), «Абай шығармаларының екі томдығы» (1977), «ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы» (1982), «Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті» (1983), «Қазақ фольклоры мен әдебиет шығармаларының текстологиялық зерттелуі» (1983), «ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы» (1985), «ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары» (1988), «Қазақ поэзиясының антологиясы» (1992), «ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті», «Батырлар жыры» 5,6 томдар, «Алқаласа әлеумет» (1991), Таңдамалы шығармаларының 3 томдығы, т.б. сияқты құнды кітаптары жарық көрді.

  Қ.Сыдиықұлы – кітаптарға, жинақтарға енген, журналдар мен газеттерге жарияланған Шалгез, Абыл, Махамбет, Қашаған, Ораз, Есет, Нұрым, Ақтан, Қалнияз, Аралбай, Сәттіғұл, Ерімбет, Мұрын, Досы, Әкімалы, Елбай, Қашқынбай, Досжан (есентемір), Досжан (тама), Насихат т.б. сөз зергерлері мен әдеби, мәдени мұралар хақында 300-ден аса еңбектің авторы.

1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінде филология ғылымының докторы, профессор З.Қабдоловтың жетекшілігімен «Қазақ жырларындағы халықтық дәстүр хақында» деген тақырыпта диссертация қорғап, филология ғылымының кандидаты дәрежесіне, 1975 жылы республика ғылым академиясы президиуымының шешімімен «Кеңес халықтары әдебиеті мамандығы бойынша аға ғылыми қызметкер» деген атаққа ие болды.

2001жылы 67 жасында дүние салды. 

: википедия



Қазақстан Республикасы Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымының кандидаты, ақын, әдебиеттанушы ...

Жаңалыққа өту  

Маңғыстау! Маңғаз да, сұлу өлке. Хазар (Каспий) теңізінің жағалауындағы қызыр қонған киелі жер. Әр топырағы, әр тасы «сөйлеп» тұрған тақуа тарих ...

Жаңалыққа өту  

БАЙЛАНЫС ТЕЛЕФОНЫ

+7 (7292) 30 31 13

ЖҰМЫС УАҚЫТЫ

Сейсенбі - Жұма: 09:00-18:30
Сенбі - Жексенбі: 10:00-18:30

Дүйсенбі - демалыс

Әмбебап кітапхана қызметін пайдалану ережесі

Оқып шығу