• Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы,19А шағынаудан , 1/1 ғимарат
  • Сейсенбі - Жұма: 09:00-18:30
    Сенбі - Жексенбі: 10:00-18:30
    Дүйсенбі - демалыс

Өлкетану

Маңғыстау әдебиеті

 Маңғыстау өлкесінде ерте кезден-ақ ел өміріндегі елеулі оқиғаларға байланысты туған аңыз-әңгімелер мен батырлық жырлар молынан сақталып, осы заманға дейін жеткен. Бұл өлкеде сонау ежелгі сақтардан бастап, аландар мен каспилероғыздар мен қыпшақтарноғайлар мен қалмақтар өмір сүрген. Осы тайпалардың салт-тұрмысына орай «Жеті жұрт» жайындағы аңыздар өмірге келген. Бұған қоса мұнда сол ертеде өмір кешкен тайпалардан кейінгі ұрпаққа жеткен материалдық мұралар да көптеп сақталған. Небір ескерткіштер талай аңыз-әңгіменің, өлең-жырдың өзегіне айналғаны да тарих бетінен белгілі. Түбекте өмір кешкен елдің еркіндік пен ерлікті жырлауы да табиғи арманы болатын. Әсіресе, жырау мен ақын елдік пен ерлікке үндейтін жырлар толғауы да сол заманның белгісіндей еді. Бұл жөнінде Қазақстанның өзге өлкесінен гөрі Атырау мен Маңғыстауда батырлық жырлардың мол болуын кезінде жазушылар мен әдебиетші ғалымдар да (ақын С.Сейфуллин, әдебиетші ғалымдар М.ҒабдуллинҚ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, С.Садырбаев, т.б.) атап айтып, өздерінің кесімді ой-пікірлерін білдірген. Осы өлкеден ел сүйіспеншілігіне бөленген көптеген ақын-жыраулар шыққан. Олар қалдырған құнды әдеби мұралар елдің рухани игілік-қазынасына айналды.[1]

Абыл Тілеуұлы осы өлкенің айтулы ақыны. Абыл өз дәуірінің елеулі уақиғаларына дер кезінде үн қосу арқылы ел үшін өмірін тіккен батырларды жырға қосты, олардың жойқын ерлігін мадақтап, өскелең ұрпаққа өнеге тұтты. Жырау, төкпе ақын Қалнияз Шопықұлының (1816 – 1902) есімі де ел ішінде кеңінен белгілі: өз заманында туған жері мен елінің бейбіт өмірі жолындағы талай жорықтарға қатысқан ақын Қалнияз сарбаздарды өлең-жырларымен, толғауларымен үнемі жігерлендіріп отырған. Суырыпсалма ақын Нұрым Шыршығұлұлы Абыл бастаған ақындық ортадан өз орнын алған көрнекті тұлға. Ақынның өлең-жырлары терме, өсиет, толғау, белгілі бір адамға арнау түрінде болып келеді. Ол өмірдің өтпелігі туралы толғанып, елдің бірлігін, сыйластығы мен татулығын жыр етті. Қашаған Күржіманұлы да жастайынан ақындық өнермен айналысқан. Ақынның алғашқы өлеңдері ел ішінде ауызекі тарап, кеңінен белгілі болған. Атақты жыраулар дәстүрімен өлең-жырлар шығарған Қашаған надандықты, дүмшелікті шенеп, елдік пен ерлікті, адамгершілік пен адам бойындағы ізгі қасиеттерді мадақтайды.[2]

Суырыпсалма ақын Ақтан Керейұлы да маңғыстаулық ақындар ортасынан шыққан көрнекті сөз сүлейлерінің бірі. Ол Қашаған, Нұрпейіс, т.б. сияқты ақындармен бірге жүріп, ақындық өнерін шыңдайды. Ел мүддесін көздеген ерлерді жырлап, өмірдің мәні жайында философиялық ой түйіндейді, тұрмыс-салт тақырыбында өлең-жырлар шығарады. Мұрын Сеңгірбекұлының есімі қазақ халқы әдебиетінің аса құнды қазынасы саналатын «Қырымның қырық батыры» жырын кейінгі ұрпаққа жеткізуші ретінде белгілі. Өз дәуірінде көрнекті жырау атанған Мұрын жастайынан халықтық қолданбалы өнер сырына қанығып, өзі де ұсталық һәм зергерлік өнерді сүйіп өскен. Бойында табиғи поэзиялық талант оты жарқырай ашылып, кейін ол көптеген жырлар шығарады. Әсіресе, «Қырымның қырық батырын» өзінше шығармашылықпен қайта тудырып жырлауы оның есімін түбек аймағына паш етті. Маңғыстауда төкпе ақындығымен аты шыққан Сәттіғұл Жанғабылұлы жас кезінен айтысқа түсіп, ақындық дарынымен көпшілікке танылған. Халықтың патша қанаушылығына қарсы күресін толғайтын «Досан батыр» дастанын шығарып, өзі ел арасына таратады, кейін кеңестік кезеңде көптеген облысы және республикалық ақындар айтысына қатысқан. 1961 ж. оған халық ақыны атағы берілді. Ол уақыт, адам өмірі мен тағдыры, жалпы халық пен мұсылман дүниесінің тағылымы жайында жырлады. Ақынның осындай тәрбиелік мәні бар өлеңдерін жыршы-термешілер үнемі орындап, тыңдаушыларға жеткізіп отырады. 1996 ж. «Аманат» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Кезінде жырау Сүгір Бегендікұлы оған арнап «Сәттіғұл ақынға» атты өлең шығарған. Ел арасында Сүгір Бегендікұлы көптеген толғауларымен қоса «Сәттіғұл мен Сүгірдің жұмбақ айтысы» да кең тараған. Оқушылар арасында ақын М.Сатыбалдиев те өлең-толғауларымен, сондай-ақ әдеби-көсемсөздік мақала-очерктерімен де кеңінен танылған. Ақынның таңдамалы өлеңдер жинағы «Қызғыш құс» деген атпен үш рет (1975, 1979, 1988) басылып шыққан. 20 ғ-дың басында қарасөз жазумен айналысқандардың шағын әдеби туындылары араб қарпінде белгілі бір топтардың арасында ғана қолжазба күйінде немесе ауызекі айту түрінде таралды. Баспадан шықпаған мұндай әдеби туындылардың ғұмыры да қысқа болды. Әсіресе, ізгілік пен адамгершілікке, имандылық пен діни уағыздылыққа үндеген Шығыс әдебиеті үлгісіндегі мысал, назым, ғақлияттар жаңа кеңестік заманның «кәдесіне» жарамай қалды. Осыған орай орыс әліпбиі бұрынғы жазба әдеби мұраларды қолданыстан шығарды. 1930 – 40 ж.

Проза

Қазақстанда әдебиеттің проза жанры қалыптасу процесін бастан өткерді; жазушылар роман, повесть, әңгіме, очерктерді өмірге әкеле бастады. Алайда шығармашылық ортадан тым шалғайлау жатқан маңғыстаулық қаламгерлер проза жанрына біраз кідірістермен жетті. Оқушылардың биік талғамы мен талаптарына сай келетін көркем әдеби туындылар 1950 жылдардың бас кезінде пайда болды. Өмір шындығын көркем-идеялық шынайылықпен бейнелеу шеберлігі жетіле түсіп, баяндау тәсілдері өзгерді. Әсіресе образ жасау жолдарындағы ізденістер – суреттеу, кейіптеу, салғастыру сияқты әдеби тәсілдерге бару өз жемісін берді. Осы кезеңде ұлт әдебиетінің жанрлық және тақырыптық аясының кеңейіп кемелденуі, жергілікті жас таланттардың әдебиет пен өнерге көптеп келуіне ықпал жасады. Уақыт талабын дұрыс түсінген қаламгерлер заман рухына сай қаһармандар тұлғасын жасап, орамды ой-тұспалдары мен аңсарлы мақсат-мұраттарын әр түрлі әдеби тәсілдермен жеткізе білді. Эпикалық шығарманың әсем түрі – көркем әңгіме жанрына алғаш қалам тартқан М.Бимағанбетов соғыста бастан кешкендерін баяндаған «Жауынгер жолы» повесін жазды. Аталмыш туынды 1975 ж. жеке кітап болып басылып шықты. Жас прозашы А.Құдайбергенов тұңғыш жазған әңгімелерімен оқушылар жүрегін баурап алды. Кезінде акад.-жазушы З.Қабдолов оның әңгімелерін, әсіресе, «Бекіре» атты әңгімесі теңіз суретін әдемі бергенін сүйсіне жазды. Маңғыстаулық М.Әбдіхалықов та әдебиетке жан-жақты әзірлігі мен мол мүмкіндігін таныта келді. Оның 19 жасында жазған «Нәрсіз гүл» әңгімесі кезінде «Жұлдыз» журналында жарық көрген. Сол 1955 жылдан бастап Әбдіхалықов біржола жазушылыққа бой ұрды. Жазушының «Отызмыңыншы» деген деректі хикаяты ұжымшар басшысы Өмірзақ Нұрбаевқа арналса, «Желаяқ бала» кітабы (1969) әйгілі жүйрік Әмин Тұяқов туралы жазылған; ал құжаттарға негізделген повесі («Ленин тапсырмасы», 1967) Әліби Жангелдиннің Тобанияз арқылы ат-көлік, жол бастаушылар алып Торғайға барған сапарын баяндайды. Әбдіхалықовтың бұдан басқа повестері («Алыстағы Маңғыстауда», «Маңғыстау хикаялары») мен романдары («Қара тасқын», 1975; «Жердің асты жеті қат», 1978) да мұнай барлаушыларының өмірінен, мұнай өндірушілердің ерлік істерін көркем тілмен кестелейді. Әбдіхалықовтың бүтін бір тарихи кезеңді қамтитын, айтулы батыр Сүйінғара Үргенішбайұлы образын сомдайтын ауқымды романы, өкінішке қарай көлденең киліккен мейірімсіз ажалдың кесірінен аяқталмай қалды.

Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің аса көрнекті тұлғасы, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы – Маңғыстаудың төл перзенті. Өмірдің күрделі құбылыстары мен шындығын көрсетуде аңыз желілерін қолдану, әлденеге тұспалдау, меңзеу арқылы үлкен ой жеткізу Кекілбаев шығармашылығының ешкімге ұқсамайтын ерекшілігі. Шындық, шынайылық арқылы болмысты боямасыз жеткізе білетін қаламгердің тарихи тұлғаларды танытудағы еңбегі әдебиет тарихында әлдеқашан дәлелденген. Оның тұңғыш прозалық жинағы – «Бір шөкім бұлттағы» (1966) Аққаймақ, Ажар, Тұрған бейнелері бөлекше тебірентер қуатымен, сол кездегі ұрпақтың балалық шағын еске алуымен ыстық та қымбат. Жазушының қуатты қаламынан туған «Аңыздың ақыры» атты романында әміршінің астамшылығымен қоса пендешілік бейшаралығы да шәйі жібектей нәзіктікпен бейнеленсе, ал «Шыңырау» повесінде құдықшы Еңсептің аянышты тағдыры, «Бәйгеторыда» сәйгүліктің бағы мен соры зор көркемдік қуатпен суреттеледі. Соңғы жылдары моральдық-адамгершілік проблемаларды көбірек қозғаған қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік шығармалардың бірі де осы «Шыңырау» повесі. Кекілбаевтың кез келген шығармасы қамшының сабындай келте ғұмырдың қадір-қасиетін бағалауға уағыздайды. Қуаныш пен қайғыны, тасу мен жасуды түрлі тартыстар үстінде танымға ұялатады. «Құс қанаты» туындысы көненің көзін әспеттеуге үндейді. Туған жерге іңкәрлікті, ана мен бала арасындағы ақаусыз сезімді айнытпай береді. Отбасы тірлігінің тұтастығы, татулығы дәріптеледі. Қазаны булы, жөргегі сулы шаңырақ арқылы бақыт ұғымы меңзеледі. Мифологиялық жүйелер мен құрылымдарды терең игерген Кекілбаев шығармаларын Шыңғыс Айтматов «бұрынғы мен бүгіннің» алтын қорытпасына балады. Кекілбаев есімі «20 ғасырдың таңдаулы жазушылары» атты халықар. әдеби анықтамалыққа енгізілген. Ол «Дала балладалары» (1968), «Бір уыс топырақ» (1974), «Аңыздың ақыры» (1979) повестерімен қатар қазақ әдебиетіндегі көркемдік үрдістің, жаңа тәсілдердің жарқын үлгісі саналған «Үркер» (1981) мен «Елең-алаң» (1984) атты көлемді тарихи романдарды да жазған.

С.Әбішұлының жас жеткіншек бала жадымен жеткізілетін «Ананың ақ сүті» әңгімесі (1969) көлемі жағынан шағын болғанымен тұла бойды шымырлатар дүние. Қасиетті анаға бала парызын өтеудің қиындығы қисынды мысалдармен түсіндіріледі. «Құралай» әңгімесінде (1968) тұмса табиғаттың тыныштығын бұзған тағылықтардың түп-тамыры ашылады. Жүгірген аң-құстардың қатыгез адам қолымен жойылып бара жатқандығына алаңдаушылық білдіреді. Әбішұлының «Толғақ», «Ащыбұлақ жағасында», «Жарық мәселесі», «Шолпан», «Сәлемнің садағасы», «Күтпеген сөз», т.б. шығармалары өміртану тереңдігімен, қарасөзге кәнігі машықтығымен ерекшеленеді. Бұрын баспа бетін көрмеген «Өмір өрнектері» (2002), «Шоңай Құлыш би» (2006) туындылары да сәтімен дүниеге келген.[3]

С.Назарбекұлының үш томдық таңдамалы шығармалары (2001) жарық көрді. Назарбекұлының шығармалары да жағымсыз қылықтардан жирендіріп, жақсылыққа («Қалыңсыз қыз» хикаяты), адамды кез келген қиындықты, өмірдегі тосқауылдарды жеңіп шығар биік рухқа («Көрпе ауылының келіндері» әңгімесі) үндейді; ұлттық әдет пен ғұрыпты, Құдай мен ҚұранҚұранға деген адалдықты («Келін» әңгімесі) уағыздайды. Б.Төлеуғалиұлының Кіші жүз ханы Әбілқайыр әскерінің бас қолбасшысы Шотан Назарұлы туралы жазған толымды туындысы жұртшылық назарын аударды. Бұл шығармада Шотанның БұлантыАңырақай шайқасында далалық ұрыс әдісін шебер меңгергендігі, Адайлардың Маңғыстауға біржола қоныстануы нақты дәлел, деректермен мазмұнды да нанымды бейнеленген. Жоңғарларға қарсы соғыста жүрек жұтқан батырлық көрсеткен Шотан Назарұлы туралы толыққанды туынды туғызған Тілеуғалиұлының «Бас сардар» (2005) тарихи-деректі повесі де осы тұрғыдағы тұңғыш жазылған көлемді еңбек. А.Әбдіров жазған «Сөз кестесінің зерделі зергері» кітабының (2002) бас кейіпкері Ермембет, Иса, Мәтжан, Қожық, Құлыш, Айдарбай секілді шешендік өнер мектебі өкілдерінің бірі Қойшығара Телмағанбетұлы өміріне арналды. Ж. Айдарбаев деректі әңгімелер мен повестер, кейін екі томдық «Тұтқындар» романын жазды. Тарихи тақырыпта тұрақты түрде қалам тартқан жазушылардың бірі Ә.Спан өз шығармаларында талай көмескі дүниелерді қайта жарыққа шығарып, табандылық танытты. Спанның қолынан 30-дан астам тарихи-танымдық, публицист., саяси-әлеум., өндірістік-шаруашылық, этногр. тақырыпта прозалық шығармалар туды. Филолог-ғалым Ж.Дүйсенбаевамен бірлікте «Махамбет және Маңғыстау» еңбегін жазды; осы еңбегімен Махамбет сыйлығының иегері атанды. Спан бұдан басқа Маңғыстау қазақтарының ертедегі әдет-ғұрыптары мен аңшылық кәсібі жайындағы «Айназар» (1997) мен «Аңшы Нұрда» (2001), сондай-ақ тарихи тұлға туралы «Сүйінғара» романын (2006) жазған. Түбек тарихын зерттеуші, белгілі өлкетанушы, мұражай қызметкері О.Көшбайұлы көркем шығарма жазуға өз үлесін қосты. Мыс., Ол «Қайран менің жеңешем» (2002) атты алғашқы прозалық жинағында ұлттық психол., жергілікті ерекшелік пен тілдік қолданыстағы говорлық айырмашылықтарды қаламгерлік құштарлықпен қапысыз жеткізе білді. «Маңғыстау ғашықтары» (2005) және «Жұмбақ жайлап аңыз өрген Маңғыстау» (2006) атты кітаптары да оның қаламгерлік жаңалығы мен табысын айқындады. Прозалық сатираның шебері С.Шакрат өмірдің жағымды да жағымсыз жақтарын көрсетуде қаламының өткірлігін (мыс., «Күте тұрыңыз» атты әзіл әңгімелер жинағы, 2001) айқын байқатты. Қ.Демеубергеновтің шығармалары да «Быды-быды», «Күлеміз бе, қайтеміз», «О, несі-ай» жинақтарына енгізілген, бірқатары республикалық «Тамаша» ойын-сауық отауында орындалып жүр; сонымен бірге «Әйелдерімізден айналдық» атты жеке жинағы (2003) жарық көрген. Ақын А.Өтегенов проза жанрында («Шалмағанбет», «Құла ат қасіреті», «Арманым саған ауған», 1999) да өнімді еңбек етті. Мөлтек әңгімелер жазумен Т.Мыңжас есімі де («Сені іздедім» атты кітабы, 2006) оқушыларға кеңінен танылды.

Поэзия

Маңғыстау өңірі поэзиясының қос дарағы С.Адай мен С.Нұржан есімі оқушылар қауымына кеңінен таныс. Адай шығармалары бұрын топтама жинақтарда жарияланып келсе, кейін «Таңғы нөсер», «Кетейін көкке жұлдыз боп», «Жұмбақ түннің жылуы», «Әр қазақ менің жалғызым» деген атпен дербес кітаптары, «Дарын» жастар сыйл-ның лауреаты Нұржанның «Таң қауызын жарғанда» атты үш томдық өлеңдер жинағы (2002) жарық көрді. Қазақ поэзиясындағы ақын қыздардың бірі О.Тұржан да Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің он жылдығына арналған әдеби бәйгеде сыйлыққа ие болды. Оның «Шерқала» өлең кітабы жыр құмар қауымның көңілінен шықса, «Жырдала» жинағы «Елорда» баспасынан жеке кітап болып шықты. 40 жылдан бері ауданы «Жаңа өмір» газетінде қызмет жасап келе жатқан Ә.Қонарбаев есімі де республика жұртшылығына шағын хабар жанрынан бастап, очерк, фельетондары мен шымшыма шумақтары арқылы жақсы таныс. Қонарбаевтың жазған дүниелері қоғамдағы жат қылықтарды жұртшылық алдында шенеп әшкерелеумен, аяусыз әжуалау тәсілімен өткір де өтімді; тілінің тікені бар, усойқы сатириктің сойылдай сойып түсер сықақтары «Жайма базар» атты ұжымдық жинақта жарияланған. Р.Оңғарбаевтың «Таушықтың әсем таулары-ай» өлеңдер жинағы қалың көпшіліктің сүйіп оқитын кітабына айналды. М.Іңірбаев өмірді жаңғыртуға, елге қызмет қылуға қаламының қуатымен қомақты үлес қосып жүрген ақын. Жалпы ғаламдық құбылыстарға құлақ түріп, туған жер тынысын тапжылтпай аңдаған қырағы ақын көңілі табиғат суреттерін өлең жолдарымен айнытпай береді. Оның «Балауса», «Бес қоңырау», «Қарлығаш», «Жетіген», «Шын жүрегіммен» ұжымдық жинақтағы жырлары әуенді, үлкен әлеум. жүк көтеруімен сүйсінтеді. Іңірбаевтың «Туған ел», «Уақыт астындағы тамырлар», т.б. кітаптары басылып шықты. Соңғы кезде өлең-жырларын «Мір-Шайыр» деген атпен жариялап жүрген Іңірбаев «О, данышпан дүние» атты романын жазды. Балалар поэзиясының белді өкілдерінің бірі ақын К.Ыбыраевтың «Көжек», «Сыйлық», «Сиқырлы үшбұрыш», «Жетіген» секілді құнды дүниелерінен үлкен жауапкершілік айқын сезіледі. Танымдық, тәрбиелік құндылығы жоғары өлеңдері тез жатталуымен бірге балдырғандар жадында ұзақ сақталады. Ақын әрі композитор А.-Ғ. Ербозов Шетпе кентіндегі балалар музыка мектебінде бірқатар жыл жұмыс жасап, ауданның мәдениетін дамытуға айрықша еңбек сіңірді. Өмірден өткен ақынның жырлары «Қарлығаш», «Мерейлі мекен» ұжымдық жинақтарында жарық көрді. Соңғы кезде өлеңдері ойлы, образды болып келетін ақын М.Дүйсеновтің жеке үш жинағы баспадан шығып, оқушылар игілігіне айналды. Сатираның барлық жанрында қалам тартқан Қ.Тұрмағанбетұлының жан жылуы сіңген «Шанышқы» кітабы оқушылар қолына ол өмірден озғаннан кейін тиді; ал «Тырналар әні» осы күнге дейін үлкен сахналарда айтылып келеді. Ақын Ғ.Әріпов аз уақытта «Жүрегімнің толқындары», «Асау жүрек», «Дүрия дүние», т.б. өлең кітаптарын беріп үлгерді. Осыларға қоса келешегінен көп үміт күттіретін Ә.Бимағанбет, Қ.Тасқараұлы, С.Құдайберген туындылары «Жыр-керуен» кітабына енді; жеке кітаптары да шықты.[4]

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет.




 Маңғыстау өлкесінде ерте кезден-ақ ел өміріндегі елеулі оқиғаларға байланысты туған аңыз-әңгімелер мен батырлық жырлар молынан сақталып, осы заманға ...

Жаңалыққа өту  

1.Ер Қосай Құдайекеұлы  ((1507 – 1594) -Қазақ хандығыда митүскен кезеңде өмір сүріп, қазақ ұлты мен мемлекеттігін нығайтуға үлес қосқан ірі тарихи ...

Жаңалыққа өту  

  Маңғыстау облысы — Қазақстанның оңтүстік-батысында орналасқан облыс, бұрын Маңғышлақ деп аталған. Каспий теңізінен шығысқа қарай Маңғышлақ ...

Жаңалыққа өту  

БАЙЛАНЫС ТЕЛЕФОНЫ

+7 (7292) 30 31 13

ЖҰМЫС УАҚЫТЫ

Сейсенбі - Жұма: 09:00-18:30
Сенбі - Жексенбі: 10:00-18:30

Дүйсенбі - демалыс

Әмбебап кітапхана қызметін пайдалану ережесі

Оқып шығу