• Область Мангистау, Город Актау, 19А микрорайон, здание 1/1
  • Вторник - Пятница: 09:00-18:30
    Суббота - Воскресенье: 10:00-18:30
    Понедельник - выходной

Адайдың жеті қайқысы

Адайдың жеті қайқысы

“Адайдың жеті қайқысы” — 19 ғасырдың 2- жартысы мен 20 ғасырдың бас кезінде Маңқыстау түбегінде өмір сүрген халық өнерпаздары, сал-серілер.


Олар: Өскенбай (күйші-домбырашы, әнші әрі жыршы), Тұрсын (әнші әрі күйші-домбырашы), Әділ (әнші әрі жыршы), Досат, Жылгелді, Тәстемір және Шолтаман (бәрі де әнші болған). Осы жеті өнерпаз жұбын жазбай бірге жүріп,МаңқыстауХиуа мен Хорезм аймағын, Жем мен Жайық бойын аралап, өнер көрсеткен. Ешкімге бас имей, өздерін тәкаппар (қайқайып) ұстағандықтан ел ішінде “адайдың жеті қайқысы” атанып кеткен. Бұлардың ішінде Өскенбай шығармалары көбірек сақталған. Сонымен қатар Әділдің екі-үш әннен тұратын бір циклді “Жайма қоңыр” атты музыкалық шығармасы, Досаттың “Досат”, Жылгелдінің “Құнан нар”, Тәстемірдің “Маңқыстау”, Тұрсынның “Оймауыт”, Шолтаманның “Дәлейлім” (“Тал кеме”) дейтін әндері халық арасына кең тараған. “Адайдың жеті қайқысы.” әндерін біздің заманымызға Қ. Қонаршиев, И. Жұмабаев, Қ. Қалмағанбетов, Қ. Нұраханов сынды әншілер жеткізген. Кезінде “Адайдың жеті қайқысының” орындауында “Досат”, “Құнан нар” және “Оймауыт” әнін А.В. Затаевич нотаға түсіріп, “Қазақ халқының 1000 әні” (Орынбор, 1925) жинағында жариялаған.

“Адайдың жеті қайқысы” аталған сал-серілерден жеткен әндерді маңқыстаулық әншілер Қ. Домбаев, К. Тасболатов және І. Шыртанов өз нақыш-өрнегімен орындады.[1][2]

Дереккөздер[өңдеу]
  1.  «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, I том
  2.  Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8 

ЖЕТІ  ҚАЙҚЫ

Есен-Түгел  Әзи

ҚР бейбітшілік және келісім кеңесінің

аға ғылыми қызметкері, Философия магистрі.

«Қайқы» сөзі «сал», «сері» деген ұғымда айтылады. Маңғыстау, Атырау даласында бұл атау ауызға жиі алынады. Бұл туралы Ә. Спан әнші, жыршы І.Шыртановтың мына сөзін жазады: «Еркек сал-серіні – қайқы, ал әйелдің серісін – сәйкі дейді, жеті қайқы деген солай – жеті сал-сері деген мағынаны береді»[1.45].

«Жеті қайқы» – әнші, жыршы, күйші, ақын, компазитор – бойына бірнеше өнер тоғыстырған жеті өнерпаз. Осы жеті мықтының әрқайсысына жеке-жеке түсінік беріп, тоқталып өтсек, олар: Әділ Өтеғұлұлы(1869-1931), Жылкелді Теңізбайұлы(1855-1938), Өскенбай Қалмамбетұлы(1860-1925), Шолтаман Байсарыұлы, Тастемір Шыршығұлұлы, Тұрсын Алдашұлы, Досат Бәймембетұлы секілді дүлдүлдер. Бұлардың бастары тоғысып, «қайқы» атануының себебін көнекөздер төмендегіше түсіндіреді: «Тесіктам»(Маңғыстау облысы) деген жерде үлкен ас өтіп, сол аста дуылдаған өнер сайысы болады. Атақты би Иса Тілембайұлы төрелік етеді. Сайыс қорытындысы бойынша қомақты сыйлықтар таратылады. Бас бәйге Жылкелдіге беріледі. Би шешіміне көңілі бітпеген біреулер: – «Иса дұрыс шешім қабылдамады, бірінші жүлдені ағайыны Жылкелдіге берді, біздің Өскенбай да сегіз қырлы өнерпаз. Би әділ билік етпеді», – деп күңкілдеседі. Сол кезде ас иесі: «Араларыңда реніш болмасын, Өскенбайға да бірінші орын береміз» деп ақ боз атты көлденең тартады. Асқа келген, өнер тамашалаған халық риза көңілмен тарасып, жоғарыдағы жеті өнерпазға «Адайдың жеті қайқысы» атағын беріп, жетеуін құрметпен аттандырыпты (бұл уақиғаның тағы бір-екі нұсқасы бар, біз осыны жөн көрдік). Осы жиыннан оралып келе жатып, жетеуі өздерін:

Жиылып жеті дүлдүл желе жеттік,

Жұп жазбай серілікпен елге жеттік.

Әншінің айдап жүрген еш малы жоқ,

Өнер мен мерекені ермек еттік.

Ерітіп соңымызға көпшілікті,

Өнерді жасымыздан өрнек еттік.

Кең ойып шаршы топтан орын алып,

Қара өлең төрттен салып дөңгелеттік[2-7], – деп таныстырған көрінеді. Осынау әнді Өскенбай шығарып айтқан деседі.

Бұлардың ішіндегі Өскенбай туралы деректер молырақ. Қалған алтауының жайы көп қозғала бермейді. Өскенбай 1860 жылы Маңғыстауда Жетібай деген жерде дүниеге келіп, 1925 жылы ажал құшады. Зираты Маңғыстаудағы Қарақия жотасының Доңаза мекенінде[2-519]. Әкесі Қалманбет мергендігімен танылған шаруа, әншілік, күйшілік дарыны байқалмаған. Қалманбеттен өрген ұлдары Өскінбай, Үлкенбай, қыздары Көркей, Шырай, Ақжандар да шетінен домбырашы болған деседі. Оның жолын баласы Мұрат жалғастырып, мұрасының кейінге жетуіне үлкен үлес қосады. Қайқының таланты Мұраттың ұлы Әзірбайға да дариды. Әзірбай да үлкен күйші, қазір Маңғыстауда тірлік кешуде.

Қайқылардың белді мүшесінің бірі – Жылкелді Теңізбайұлы. Маңғыстау жеріндегі Шайыр ауылы маңындағы Сарыойда туылған. Жастайынан ән салып елге танылып, жұртының құмарын қандырар қуатты әншілік деңгейіне жетеді. Әттеген-айы: 1930-31 жылдардағы зобалаңнан бас сауғалап ірге көтерген елмен бірге түбі бір түрікмен жеріне, Шағадам (Красноводск) аймағына қоныс аударып, 1938 жылы сол жақта көз жұмады. Көшерінде «Қарауылқұмбет» жұртында отырған серіге замандас, туыстары амандаса келіп, отырыс үстінде ән айтуын сұрап, қолқалайды. Сонда: «Сексенге келген селкіл баста не қалды дейсің, көңілдерің қалмасын», – деп қайран қайқы байырғы әдетінше:

Бұл әнді сатып алдым құнан нарға,

Беремін өз бәсіне құмарларға.

Ит дауыс бұрынғыдай аңқымайды,

Қартайып жас жеткен соң амал бар ма?[2-23], – деп басталатын «Құнан нар» әнін орындап береді.                      

Әділ Өтеғұлұлы – белгілі өнер иесі «Жеті қайқының» бірі. Әділ сөзге салса жорға, әнге салса дүлдүл өнерпаз болыпты. Нағыз бабына келіп, еті қызған сәтінде құйрығымен жорғалап, сырғанап жүреді екен. Әнді төгіп-төгіп, төпеп айтады дейді. Әбден шырқау шегіне жетіп, арқасы қозған мезгілде екі көзіне тер құйылып, алқымы ісініп, ала су болғанда барып, өзінің «Жайма қоңырына» салатын көрінеді. Соңында қалған мұраларынан біздің  білетініміз «Жайма қоңыр», «Қара ән», « Бес Өрдек» әндері.

Шежіреші Алшын Меңдалыұлы жас уағында жолаушылап жүріп бір ауылдан Әділді кезіктіреді. Әлгі ауыл адамдары төбесіне көтере құрметтеп, таңсәріге дейін ән салдырып, құмарлана тыңдасады. Әділ ірі тұлғалы, кеудесі көріктей қара кісі көрінеді. Зобалаң жылдары шатылып, Текеге (Орал) айдалады. Сол жердегі ОГПУ қызметкері Төленов Шоқан: «Сендердің іздеп жүргендерің бұл Әділ емес, мынау басқа Әділ», деп сендіріп, құтқарып жібереді. Қайқы содан көп ұзамай көз жұмады. Жем бойындағы Қаратоғай деген жерге қойылады.

Өмірінің соңын қудалауда өткізген оның, «қара әнінің» мәтіні:

Түйемді ойпаң жерге шөгергенмін,

Соңына сылқымдықтың көп ергенмін.

Жарты құрт жаңқалтада жарып жеген,

Құрбыдан сөйтіп жүрген не көргенмін[2-54], – болып келеді.

Мәтіні де, әуені де мұңды. Қайран жүйрік шабысынан қалдырған дәуіріне, әйтпесе, ноқталаған қоғамына өкпелі. Әділдің тұяғы Кемал ағамыз көзі тірі, 1929 жылы туылған, қазір Сағыз бекетінде (Атырау облысы) тұрады.

Өнерімен қатар желген жетеудің бірі – Тұрсын Алдашұлы. «Ел ішінде «Адайдың ілме қағысы» деген домбыра қағысымен бірге, «Тұрсын қағыс» деген де қағыс түрі бар», – деп жазады Абыл Келімбердиев[3-175].

Өнердің өзенінен жүзіп өттім,

Халқының өкпесі жоқ бұл Тұрсынға, – деп шалқыған қайқының қадірі биік кеткен. Қарақамыс, Көкжар жәрмеңкелеріне базаршылап көп табан тіреген. Өнер сайыстарына түсіп даңқы аспандаған. «Көл Қайнар», «Оймауыт, «Тасастау» сынды әндері кең тараған. Асқан дарынының арқасында асқақтаған дүлдүлдің ғұмырының соңы сергелдеңмен өткен. 1930-31 жылдары басталған зобалаңда ұсталып, хабарсыз кеткен.

Қайқылар құрамының бірі –Шолтаман Байсарыұлының да атақ-даңқы алысқа тараған. Оның кең тынысты әнші екендігін дәлелдейтін деректер баршылық.

Шолтаманның ауылы Маңғыстаудағы Мастөк маңында отырса керек. Ол кезгі серілердің ел аралай бір шыққанда айлап кететіні белгілі. Ұлының осындай ұзақ сапарынан оралуын күтіп жүрген үйдегі анасы таңсәріде талып жеткен ән сазын естіп: «Шолтаманның даусы болар ма?», – деп ойлап қояды. Ана жүрегі алдасын ба, кешқұрым Шолтаман да жетеді. «Жарығым, таңертеңгі естілген ән сенің айтқан әнің бе, қай жерде келе жатып айтып едің?» – деп сұрайды қайран ана. «Ат үсті, жол соқты болып зерігіп кеткен соң  Қаратүйенің құлауында айтқан едім» – деп жауап қатыпты баласы. Ал Қаратүйе мен Мастөк арасы қазіргі өлшеммен елу шақырымдай жер екен.

Шолтаманның жүзге тарта әні бар көрінеді[2-35] Шығармаларынан қолымызға түскені:  

«Барады ауылым көшіп «Көлтабанға»,

Салайын «Сарыөзенге» Шолтаманға, – деп басталатын «Сарыөзен» әні мен «Талкеме» әні.

Қайқылардың қатарында  Жаманадай Тастемір Шыршығұлұлы да бар. Аты айтып тұрғандай Тастемір әйгілі «бес жүйріктің» бірі – Нұрым Шыршығұлұлының інісі. Кәріқұлақ қарттардан бұл дүлдүлдердің туыстығы туралы екі ұшты пікірлер қалыптасқан. Дегенмен қос саңылақтың жақын туыс екендігі даусыз. Оған қайқының «Маңғыстау» әніндегі:

Тастемір – өзім атым, ағам – Нұрым,

Алқада жан сөйлемес бізден бұрын.

Ортадан шауып шыққан жүйрік едім,

Ежелгі елден қалған ескі жұрын, – деген сөздері дәлел. Бұл әнді, сері, шау тартып, шалдыққа мойын бұрған шағында, ешнәрсеге тәбеті шаппай көңілі құлазыған уағында:

Тастемір – өзім атым, ағам – Нұрым,

Алқада жан сөйлемес бізден бұрын.

Қартайып жас алпысқа келгеннен соң,

Осы күн жүгіреді итім қырын![2-50] – деп салатын көрінеді, жарықтық.

Тастемір Қауынды, Қорғанбай маңындағы әкесі Шыршығұлдың атымен аталатын зиратқа, әкесінің қасына жерленген.

Тыңдаушысын тұшындырар жалқы жетеудің бірі – Мая Досат Бәймембетұлы. Көнекөздердің ақпарынша Досат – өнеріне өресі, келбетіне ақылы сай, парасат болмысы келіскен адам екен. Дауысының кереметтігі сол – Жем, Сағызды жаз жайлап, күзеуге Маңғыстауға құлайтын сән-салтанатты қоңыраулы көштің орынын сайлап, ас-суын әзірлеуге  алдын-ала жіберілген адамдар қосын тігіп, ошағын қазып, бірер күн әзірлік қылып жатқанда шығаннан шарықтаған бір әуен жетеді құлаққа.

– Көштің алды келіп қалды, – деп қапыла абыр-сабыр, етек басты, ер састы қарбаласып қалған жұртты Досаттың дауысын танитын кәнігілері:

– Ау, саспаңдар түге, бұл Досаттың даусы. Көш әлі күншілік жерде келеді. Асықпай шаруаларыңды істей беріңдер, – деп сабырға шақыратын дейді[3-178].

Заманында төрт тарапты тоғыстырып, сахара жұртының сағына бас қосар мекеніне айналған Көкжар, Жармола, Қарақамыс жәрмеңкелері жан-жақтан өнер жампоздары жиылып, халықын қызыққа бөлеген өнер ордасына айналғаны  белгілі. Және, осынау қайнаған қан базарлар небір тарихи оқиғалардың да туындауына себепші болғаны ақиқат.

Көкжарда көп жатқанда ай жатармыз,

Самаурын саздың суын қайнатармыз.

Осыдан аман-есен елге жетсек,

Көздерін талайлардың жайнатармыз[2-47].

Ел арасында айтылап жүрген осынау «Босмойын», әнінің шығу тарихын ақсақалдар былайша өрнектейді: Досат Ойылдағы Көкжар жәрмеңкесіне сегіз қанат ақ үйін тігіп, өнер көрсетіп табыс тауып жүрген Жауғашты Шеркеш Көпжасар дегенмен кездесіп, Көпжасардың әнші әйелі Ғалиямен бірге біраз өнер көрсетсе керек. Күз түсе базар тарқағанда Досат елге осы Ғалияға арналған «Босмойын» әнін ала қайтыпты[2-43].

Бұлбұлдарымыздың туындылары ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткендіктен халқымыздың өнер тарихында түсініспеушіліктер кездесіп жатады. Мысалы, әр жерде әрқалай айтылып келген:

Жамал-ай, Жамал-ай,

Не жаздым, қалқам, саған-ай, – деп өрілетін «Жамал-ай» әнінің кейінгі кезде Досаттікі екені айшықталып жүр. Бұны белгілі өнер жанашыры Б. Кәртеннің ойы да нақтылай түседі. Бұл мәселеге кейін толығырақ тоқталамыз.

Дерек көздерінен аңғарғанымыздай, қайқылар қатарының нобайы тірлігінің соңын тарығып өткізген.

Жеті қайқы Көкжар, Қарақамыс, Орынбор базарларында жиі болып, жұртты сұлу өнерлерімен талай  сусындатқан. Маңғаз өнердің шырағын маздатып өткен жеті бұлбұлды ұрпақ есіне салып, көпке өнеге қылар күн қашан келер.

Әдебиеттер тізімі:

1.      Спан Ә. Қабекеңнің қазынасы. Алматы, «Үшқиян», 2003-350б.

2.      Жұмашұлы А. Адайдың жеті қайқысы. Алматы. 2011-60б.

3.      Келімбердиев А. Ерлер есімі – ел есінде, Ақтөбе-267б.

Бұлар әрі ақын, әрі әнші, сазгер-күйші болды, бір басынан бірнеше өнер табылды. Бұлар ел аралап, өнерді насихаттады, бас бостандығын аңсады. Дәуірдің өтпелілігін жырлады, шын сұлулықты ардақтады. Сал-серілер орыстардың мейрам-мерекелеріндегі күлдіргі кейіпкерлер – клоундар сияқты әлекей-күлекей, қызылды-жасылды киімдер киіп, түрліше ойындар да көрсеткен, үстем тап өкілдерінің әдейі қытығына тиген, бірақ оларды халық қатты қадірлеген. Сал-серілер мен әнші-ақындар мұрасы бүгін де халықтың қадірлі мұрасына айналды. 

Әрине, әр өнерпаз бойынан ақындық, жыршылық, әншілік, күйшілік, композиторлық өнер табылуы театры, киносы, оркестрі жоқ өткен ғасырларда көп кездескен, ал қазір бұл өнерлер дараланып үлгерді. 

Жазбалар мен жырларда, халық әңгімелерінде жыраулар мен ақындар, жыршылар мен сал-серілер, күйшілер мен сазгерлер қолданған сырнай, асатаяқ, даңғыра, керней, дауылпаз, дабыл, т.б. музыкалық аспаптар аталады, бірақ сан ғасырлар бойына қазақ өнерпазымен жан серік болған тұрақты аспап қобыз бен домбыра болған. 

Музыкалық аспап өнерпазға қозғау салады, шабытын келтіреді, тыңдаушыға ерекше әсер етеді. Қобыздың сырлы сазы, домбыраның сұлу үні сүйек-сүйегіңнен өтіп, жан пернеңді басып отырады. Мұндай өнердің әсері басым болары аян. 

Жыраулар мен ақындардың, жыршылар мен күйшілердің зерделі, ойлы, талантты легі әркез өзінің орындайтын жыр-күйін таңдап, береке-бірлік сияқты мәңгілік тақырыптарды жырлаған, өлең мен күйдің жасығы емес, асылын, мәні зор нағыз отты шоғын таңдап айтқан. 

Біз айтып өткендей, ақын-жыраулар да, жыршы-жыраулар да, жыршылар мен өлеңші, сал-серілер де Маңғыстауда аз болмаған. Еділ мен Жайық, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл, Елек, Қобда бойларында, Маңғыстау, Үстірт, Ақтөбе қырында талай айтулы ақындар өткен. Олар: Асан қайғы мен Шалкиіз, Қазтуған мен Сыпыра, Доспамбет пен Жиембет, Махамбет пен Мұрат, Абыл мен Ақтан, Нұрым мен Қашаған, Есет пен Есенбақ, Байтоқ пен Боранбай, Шернияз бен Шынияз, Шәйтім мен Насихат, Марабай мен Көшелек, Мұрын мен Сүгір, Қарасай мен Мәулімберді, Әбубәкір мен Ізім шайыр, Құлмамбет пен Қоспақ, Аралбай мен Бала Ораз, Қырымқұл Өмір мен Шеркеш Өмір, Есентемір Досжан мен Алаша Досжан және Тама Досжан, Қашқынбай мен Досы, Елбай мен Түмен, Сәттіғұл мен Сұраубай, Нұрпейіс пен Құмар, т.б. Бұлар “әп” дегенде ауызға ілінер танымал таланттар. Ал бұл айтулы да айдынды ақын, жыраулар дәрежесіне жетпегенмен, өз ауылының, елінің, халқының жүрегіне жылу дарытып, өлең, жырды қадірлеп өткен көптеген өнерпаздар болған. 

Бір өнердің яки бір халықтың әдебиетін не өзге өнерін тек қана он-жиырма адам жасамайды. Айтулы адамдардың алды-артында бірі биік, бірі аласа бел-белестер сияқты көптеген өнер адамдары болады. Әдебиет, өнер арнасында айтулылар мен әлгі өнерқұмарлар қосылып, ерекше бір өнер жолын – өнер ағысын құрайды. Бірақ әр дәуірдегі келер уақыт, саналы ұрпақ олардың бәрін ой елегіне салады, өз бағасын береді. Қай ақын қай дәуірге жете алады – оны талант тағдыры біледі. 

Өнер адамдарын Сарыарқа жағы “сал-сері” десе, Сыр бойы оңтүстік жағы “сүлей” дейді. Ал батыста, оның ішінде Маңғыстауда әйел өнерпаздарды “сәйкі”, ер адамдарды “қайқы” дейді. Мысалы, “Адайдың жеті қайқысы” деген сөзі жеті өнерпазға байланысты атақ. 

Ертеде Маңғыстау елі өнер адамдарының жарысын ұйымдастырады. Сарапшылар белгіленеді, бас сарапшы болып белгілі би, әрі болыс Иса Тіленбайұлы сайланады. Иса Тіленбаев (1829-1909) – Маңғыстау түбегінде туған. 1869-1870 жылдары Маңғыстау шаруалар көтерілісінің басшысы, ұйымдастырушысы, би болған. Ол 30 жылдың үстінде болыс болып, халқына қызмет етеді. Жиынға келген өнерпаздар өз өнерлерін көрсетеді. Бірінші орын Медет Жылкелді деген әншіге беріледі. Осында жеті өнерпазға: Шолтаманға, Әділге, Тастемірге, Тұрсынға, Жылкелдіге, Досатқа, Өскенбайға “Адайдың жеті қайқысы” деген атақ беріледі. 

Жылкелдіге бірінші бәйгі аталғанда, тыңдаушы жұртшылық арасынан күңкіл көбейіп кетеді. Көбі: “Өскенбай – әрі күйші, әрі жыршы, әрі ақын, әрі әнші. Бас бәйгі соған тиісті еді. Иса ағайыны Жылкелдіге бұрып кетті-ау” – дейді. Бұл сыбыс Исаның құлағына жеткенде: “Япырмай, мен сүйтіп кеттім бе екен? Өскенбайжан, сен бір осы жетеуіңе арнап “Жеті бұлбұл” деген күй тартшы,” – деген екен. Сонда Өскенбай табанда “Жеті бұлбұл” деген күй шығарып тартыпты. Риза болған ел Өскенбайға ақбоз ат мінгізіпті. Өскенбай осы сапарынан жетеуі бірге келе жатқан көңілді сәтінде атақты “Жеті бұлбұл” әнін қоса шығарыпты: 

Жиналып жеті әнші желе жеттік, 

Бірігіп серілікпен елге жеттік, 

Әншінің айдап жүрген еш малы жоқ, 

Өнер мен мерекені ермек еттік. 

Ертіп соңымыздан көпшілікті, 

Өнерді жасымыздан өрнек еттік, 

Кең ойып, шаршы төрден орын алып, 

Қара өлең төрттен салып дөңгелеттік. 

Міне, XIX ғасырдың II жартысы мен XX ғасырдың бас кезінде Маңғыстаудың өнер сахнасына “Адайдың жеті қайқысы” атанған Жаңай Өскенбай Қалманбетұлы, Медет Жылкелді, Мая Досат, Кенже Әділ Өтеғұлұлы, Майлан Шолтаман, Сүйіндік Тастемір Шыршығұлұлы, Қаржау Тұрсын сияқты дарындылар келеді. “Жеті қайқы” құрамындағылар – сазгерлік, ақындық, жыршылық, күйшілік, әншілік өнерлердің дәстүрлі дүлдүлдері. Бұлардың әрқайсысы бірнеше өнер иелері болған. Өскенбай – күйші-домбырашы, әнші, жыршы; Тұрсын – әнші, күйші-домбырашы; Әділ – әнші, жыршы; Досат, Шолтаман, Тастемір, Жылкелділер – айтулы әншілер. Олар бір жүріп, Маңғыстау, Хиуа, Хорезм аймағын, Жем, Жайық бойын аралап, халыққа өнерімен қызмет еткен сегіз қырлы сал-серілер болатын. Осылардың ішінде Өскенбай мұралары кейінгі ұрпаққа көбірек жеткен. Досаттың “Досат”,“Босмойын”, Жылкелдінің “Құнан нар”, Тұрсынның “Оймауыт”, Шолтаманның “Дәләйшім” (“Тал кеме”), Тастемірдің “Маңғыстау”, Әділдің “Жайма қоңыр” дейтін әндері халық арасына кең тараған. “Жайма қоңыр” – екі-үш әннен тұратын бір цикл шығарма. “Жеті қайқы” әндерін біздің дәуірімізге жеткізген Қонаршиев Қарағұл, Жұмабаев Имақша, Қалмағанбетов Қайырбай, Нұраханов Құрмаш сияқты әншілер. “Жеті қайқы”, “Досат”, “Оймауыт”, “Құнан нар” сияқты әндерді А.Затаевич нотаға түсіріп, “Қазақ халқының 1000 әні” жинағында жариялаған. “Жеті қайқының” өздеріне дейінгі алуан өнер, асыл мұраларды келесі буынға жеткізіп, үрдіс үлгі-өнеге тастауы – өнер тарихындағы ерекше құбылыс, ғажап дәстүр. Журнал ЕІ.кz

Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасындағы "Адайдың жеті қайқысы" туралы Әдебиеттер тізімі:

1. Аташев С. Маңғыстаудың «жеті қайқысы» / С.Аташев // Маңғыстау. – 2013 – 24 қазан – 11 б.

2. Жұмалыұлы Ә. Тастемір – өзім атым, ағам – Нұрым / Ә. Жұмалыұлы // Маңғыстау.- 2016 – 11 ақпан – 14 б.

3. Қаражанұлы Қ. Шолтаман: (Жеті қайқы) / Қаражанұлы // Маңғыстау – 2002 – 15 тамыз.

4. Қосжан И. Әуенмен жүрегімді тербетейін / Қосжан И. // Маңғыстау – 2010 – 18 ақпан – 11 б.

5. Сыдиықов  Қ. Аққуға аспандағы әнін қосқан: (Адайдың жеті қайқысы туралы толғаныс) / Қ. Сыдиықов // Маңғыстау – 1999 - №11 – 28 қаңтар – 3 б.

6. Тоқсанова З. Адайдың жеті қайқысы. (тәрбие сағаты) / З.Тоқсанова // Үш қиян – 2003 – 01 – 05. 




«Адайдың жеті қайқысы» мен «Адайдың бес жүйрігі» Кіші жүз халқы арасында «Адайдың жеті қайқысы» мен «Адайдың бес жүйрігі» атанған  жырау жыршылар ...

Перейти к новости  

“Адайдың жеті қайқысы” — 19 ғасырдың 2- жартысы мен 20 ғасырдың бас кезінде Маңқыстау түбегінде өмір сүрген халық өнерпаздары, сал-серілер. Олар: ...

Перейти к новости  

КОНТАКТНЫЙ ТЕЛЕФОН

+7 (7292) 30 31 13

РАБОЧИЙ ГРАФИК

Вторник - Пятница: 09:00-18:30
Суббота - Воскресенье: 10:00-18:30

Понедельник - выходной

Правила пользования услугами универсальной библиотеки

Прочесть