• Область Мангистау, Город Актау, 19А микрорайон, здание 1/1
  • Вторник - Пятница: 09:00-18:30
    Суббота - Воскресенье: 10:00-18:30
    Понедельник - выходной

Адайдың жеті қайқысы

«Адайдың жеті қайқысы» мен «Адайдың бес жүйрігі»

«Адайдың жеті қайқысы» мен «Адайдың бес жүйрігі»

Кіші жүз халқы арасында «Адайдың жеті қайқысы» мен «Адайдың бес жүйрігі» атанған  жырау жыршылар көшін белгілі ақпа-төкпе ақын, ақберен сөз зергері Абыл Тілеуұлы бастайды. Руы  тоқтамыс Абыл Бозашы түбегінде 1777 жылы дүниеге келді. Өз әкесі Тілеу де, атасы Өтембет те кедейшілікпен күн кешкен, мал баққан. Жыраудың өмір сүрген кезеңі елеулі оқиғалар дәуірі болатын.
Абыл жырларының қайнар көзі – халық ауыз әдебиеті мен көне жыраулар мұрасы. Нақты деректерге сүйене отырып ноғайлы жырларын әуелі Сыпыра одан кейінгі дәуірде Абыл дамыта жырлап, Қалнияз, Нұрымдарға ұластырған. Абыл Махамбет, кете Шернияз, Есенбақ, Нұрым сияқты атышулы сөз шеберлерімен бастас, замандас дос болып өткен. Негізінен  үлкейген шағына қарамастан ақын соңғы жылдары Кіші жүз рулары арасын, қарақалпақ, түркмен жерлерін көп аралаған, өз тұсындағы өнер иелерімен етене таныс болған. 1832 жылғы Сүйінқара ауылының шабылуы – адай елінің елеулі оқиғаларының бірі еді. Ел қорғаған батырлардың қайратын, басқыншыларға қарсы халық ызасын Абыл «Сүйінқара ауылы шабылғанда», «Құлбарақ батырға» толғауларында айқын бейнелейді. Ол ерлік дастандарды тек таратушы ғана емес, сол бұрыннан қалыптасқан дәстүрді жалғастырушы.

Ақынның шығармаларының бір саласы – айтыс. «Балдай қызбен айтысы», «сушы қызбен сөз жарыстыруы», «Шерниязбен сөз жарыстыруы», «Нұрымды сынауы», т.б оның мықты суреткерлігін, ақпа-төкпе ақындығын, шешендігін байқатады. Бүгінде ақпа төкпе Абыл ақын жырларының бір тобы жылдарға жүдемей, атаның балаға тапсырған аманатындай бізге жетіп, өткен күндер шындығын шертіп отыр. 

Қас жүйріктің белгісі
Дуды көрсе жұлқынған.
Айтулы жүйрік мен едім
Салдырмай қамшы ұмтылған, - деп өзінің  қарым-қабілетін өзі салмақтаған  «Атыраудың ақиығы» атанған Нұрым Шыршығұлұлы 17 жасынан бастап  қарт Абылдың қасына еріп, сөз үйреніп, батасын алған. Ақын «жоғарғы адайлар» қонысы Тайсойған жерінде туып өссе де,  қалыптасқан дәстүр бойынша Маңғыстау, Хиуа, Жайық бойын аралап, өнерпаздармен кездеседі, көне жырларды жаңғырта жырлап, терме, толғаулар шығарады. Жаскілең, Берішқызы, Балмырза ақындармен айтысқа түсіп, «Тоғыз ауыл», «Балуанияз» сияқты ерлік дастандар толғайды.Толғауларының ішінде ел жадында «Мен қашанғы жүйрігің», «Ұсынсам қолым жетер ме», «Әлеумет келдің қаумалап» атты жырлары сақталған.

Нұрымның көлемді дастаны  «Тоғыз ауыл» (ел ішінде «Байбоз – Жанбоз» деп те аталады) жырдың шығу тарихына тоқталайық. 1860 ж. шамасында бір үлкен жиында ел қорғап, шаһид болған ерлерге сөз шығарып жырлағандарға бәйге жарияланады. Жол Нұрымға тиеді. Себебі, Абыл ақсақалдың үлкейіп, жасы сексеннен асқан уақыты еді. Ақпа төкпе ақын, міне сол жиында ерлік дастанын шығарыпты. Адай елі арасында жырлары кең тараған ақындардың бірі – Қашаған Күржіманұлы. 1841 жылы Түркменстанның Ташауыз деген жерінде дүниеге келеді. Қашаған жырлары қазақ жерінің батыс аймағына, қарақалпақ, түрікмен елдеріне кеңінен тараған. Ескіше хат танып, жаза білерлік сауаты болғанмен Қашаған көне жыраулар дәстүрімен ауызша жырлаған. Ақынның өміріне тоқталсақ, ол әкесінен жастай жетім қалған.

Атам бір қайтты дүниядан
Бес жаста жетім қалдырды,
Басыма қайғы салдырды
Анам көрді жесірлік,
Өзім көрдім жетімдік
Сөйтіп, басым қаңғырды.
Бірнеше жыл өгей әкесі Сәрсенбайдың тәрбиесінде болады. Көп ұзамай анасы қайтқан соң, 13 жастағы Қашаған бала өз бетімен кәсіп іздеп Көкжар жәрмеңкесіне барып, Орынборға мал айдайтын саудагерге жалданады. Бір жылдай бұғанасы бекімеген баланың қиындығы мен  азабы мол кәсіп жігерін жасыта алмайды. Қашағанға ақындықтың қонуын мамандар осы кезеңге меңзейді. Бірде шаршап шалдыққан бала ұйықтап кетсе, түсінде бір қара кісі   
тұрғызып:
-  Дорбалап аласың ба, қапшықтап аласың ба? – деп сұрайды.
-  Бергеніңді аламын, - дейді Қашаған. Қара кісі: «Өнер бердім, елге шаш», - деп батасын беріп кетеді.
Ел әңгімелеріне қарағанда Қашағанды жастай жиын, тойға апарып, ақындық өнерге баулыған Қалнияз ақын. Жас кезінен жаттап, еліктеп өскені Махамбет пен Шернияз, Абыл мен Есет жырлары. Бұрынғы өнер иелері секілді Қашаған да қалың ел арасын көп аралаған: Маңғыстау, Хорезмнің ойы, Еділ, Жайық, Қобда, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл бойлары. Құрманғазы мен Нұрым, Ақтан мен Мұрат, Қашқынбай мен Ізім шайыр, Мұрын  мен адайдың cал-серілерімен көп кездеседі.
Қашағанның мұрасынан бүгінге жеткені 30-ға тарта өлеңі, бес айтыс, үш жыр- дастан. Бір топ өлеңдерінде ақын байлардың жиынтық образын беріп, олардың мінез-құлықтарын шебер суреттеген. Байлардың өзге емес, өздерінің ішіп жеуге көзі қимайтын дүниеқоңыздығын, сараңдықтарын шенейді.Ақынның сын семсеріне ілінгендер тек байлар ғана емес, қулық пен сұмдықты өмірдің мәні санаған саудагерлер, дүмше молдалар, атқамінерлер мен әділетсіз билер. «Есқали сопыға айтқаны», «Қуаңдаған қу Бисен», «Домбыраның қақпағы», «Мұстахқа», т. б. сыни өлеңдері ел арасына кеңінен тараған. Қашағанның бір топ өлеңдері қазақтың тұрмыс салт дәстүрі тақырыбында: «Аралбай ақынды жұбатуы», «Қонақ кәде», «Той бастар», «Бата». Қашаған ақындығының бір қыры айтыс өнерінде танылады. Ізбаспен, Тама Ізім шайырмен, Нұрым ақынмен болған айтыстарда Қашағанның өнері шыңдала түседі. Ізім шайырмен Қашаған 1891 жылы шамасында Қарақамыс (Ақтөбе облысы, Темір қаласы) жәрмеңкесінде кездеседі. Айтыстың негізгі түйінін шешетін сол кезеңде өрбіген адай елі мен табын арасындағы таптық, әлеуметтік оқиға болатын.  Ізбаспен айтысқан 1927 жылы Қашекеңнің 80 жастан асқан кезі болатын. Ақынның қарсыласы Қашағанның перзентсіздігін, кедейлігін мұқатса, Ізбас сияқты атаққұмарды Қашаған мірдің оғындай өткір сөздермен түйреп, ел алдында масқара етеді.Көлемді шығармалардан бізге жеткені Қашағанның: «Адай тегі», «Атамекен», «Топан» атты үш дастаны. «Адай тегі» – аңыз хикая. Шығармаға негіз болған атадан балаға жеткен бабалар шежіресі. Сол кездегі ел арасында басымырақ болған діни наным-сенім – дастандағы сюжеттік құрылым. Ақын халықтың ерен күшін өмір шындығына сай мықты бейнелеп суреттеген.«Атамекен» дастанының сюжеті тарихи оқиғаға негізделген. Адайлардың жоңғар басқыншылығына ұшырап батысқа қарай ауып, Маңғыстауға  көшуі,
«Ақтабан шұбырынды» кезіндегі елдің ауыр тұрмысын суреттейді. Жыр ел тәуелсіздігін қорғауға, елін сүйе білуге үндейді.Қашағанның ерекше назар аударарлық жырының бірі – «Топан». Дастанның сюжеті нақты өзі куә болған оқиға желісінен құрылған. Осы болған оқиғаға байланысты атақты Құрманғазы «Көбік шашқан» күйін шығарған.Ақынның шығармалары республикалық Ғылым академиясының қолжазбалар қорында сақталған.Екі дәуірдің куәгері Қашекем 88 жас жасап, 1929 жылы бұл фәниден аттанады. Бейіті Шайырда, Қырықкезде.

ХІХғ. екінші жартысындағы көрнекті ақынның бірі – Ақтан Керейұлы. Ақын Сағыз өзені бойында дүниеге келген. «Ақшұнақ қоян» жылы елге түскен ауыртпалық Ақтанның  басына түседі, оның үй іші де азын аулақ малынан айырылады.  Ақтан Ойылға кәсіп іздеп барып, сәудегерлерге тері илеуге жалданыпты. Оны көріп таныған біреу; «Адайдың Ақтаны деген осы ма, тері илеп жүрген», - депті. Сонда Ақтан:
Айдынға үйрек, қаз керек,
Сұлуға құшақ, наз керек,
Теріге пұшпақ баз керек
Тері жаймай Ақаң не қылсын,
Заманға қарай саз керек – депті.
Кедейлікке мойымай, шаруа күйттеп қалмай Ақтан Орынбор, Жем, Сағыз, Жайық, Ойыл, Қиыл жерлерін көп аралап, белгілі ақындармен талай жиын тойда кездескен. Ақтанның творчествосында көбіне арнау өлеңдер, терме, толғаулар, ерлік дастандар орын алады.  Ақынның шынайы сезімді жырлаған шығармаларының таңдаулысы Қаражан қызға арнаған өлеңдері. Бұл өміршең дүние – трагедияға толы махаббат мұңы. Ақтан – терме, толғаулардың шебері. «Аяғына қан түссе», «Кәріліктің белгісі», «Мамығын төккен қаз бен қу», «Біріншіден не жаман» термелері мақал-мәтелдік, ақыл нақылдық, ғибрат сөздерге бай.

«Адайдың бес жүйрігінің» бірі, Жары Аралбай Оңғарбекұлы Бейнеу аймағындағы Қарақұм өңірінде дүниеге келіп, Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы Жаман Айрақты, Қарнау, Қарақұм деген жерлерде ғұмыр кешкен. Өлі Қолтық жағасында балық аулап, құс атып күн көрген. Сонымен қатар ол кісі темірші-ұсталық, етікшілікті де кәсіп еткен. Бейіті Қарақұм өңіріндегі Қарашүңгіл қорымында. Аралбай – бұқара жыршысы. Артына 1910 жылғы алапат жұттағы ел күйзелісін бейнелейтін «Жұт жылы» толғауын қалдырған.
Аралбай елу жасында жалғыз баласы Берекет өліп, өзі бұрыннан дімкес ақынға бұл қаза ауыр соққы болып тиеді, оның үстіне келінін төркіндері еріксіз алып кетіп, қайғы үстіне қайғы жамылады.  Ақын жырларының бір тобы – сол ұлының қазасына байланысты естірту, жұбату, арнаулар: «Қашағанға мұңын шағуы», «Еңсесі кеткен жүйрікпін», «Келіні Меңешке айтқаны», «Баласы Берекеттің қабірі басында айтқаны», «Жатырмысың перзентім», т.б.

Базарында дүниенің,
Кімдердің тауы шағылып,
Кімдердің сағы сынбаған?!
Жапырағы ұшса жасарған,
Бәйтерек солып  қураған.
Баласы өлсе жігіттің,
Жез қанаты қайырылып,
Талабынан шырмалған…
Аралбай арасында осылай тебіренсе де, бұқара халін жырласа да, адам атаулыға ортақ мәнді мәселелерін жырлаған ақын. Халық даналығынан мейлінше сусындаған өміршең ойлары мен құнарлы бейнелеулерінен Аралбайдың өзіндік өрнегі айқын танылады.Жыршылық, жыраулық дәстүрдің советтік дәуірге жеткен ірі өкілі – Мұрын жырау. Маңғыстаудың ойында дүниеге келіп, өмірінің соңғы кезеңінде казіргі Форт-Шевченко қаласында тұрды. Тұрғын үйі, ұстаханасы бүгінде – Маңғыстаудың ақын-жыраулар мұражайына айналды. Мұрын жырау «Қырымның қырық батыры» эпосының соңғы толық орындаушысы. Ақын-жыршылардың ежелгі дәстүрімен өнер қуып, 18 жасынан бастап ел аралайды. Нұрым мен Қашағандардан ноғайлық «Қарадөң ұрпақтары» аталатын жырлар циклын үйренеді. 1942 жылы КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы қызметкерлері қарт жырауды алдырып, оның репертуарынан «Қырымның қырық батыры» дастанындағы 36 батыр туралы жырларды 6 ай бойы жазады. Қалған төртеуін Мұрын жырау елге келген соң немересіне айтып отырып жаздырып, академияға беріп жібереді.  Мұрын ежелгі Асан қайғы, Қазтуған, Сыпыра жыраулар негізін салып, кейіннен мұрагерлері еселеп дамытқан ата-баба аманатын бүгінгі ұрпаққа басы бүтін табыс еткен дария жыршы.

Бұрынғы өткен жыршылар, жыраулар мұрасындағы халықтық дәстүрді біздің заманымызға ұластырушы, жаңғырта жырлаушы ауыз әдебиетінің ірі тұлғаларының бірі – халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабылов. Ақын Маңғыстауда Бозашыда дүниеге келген. Ақын жастайынан кедейшіліктің тауқыметін көп тартып, он жылдай күнелтіс бабымен Хорезмнің ойында болып, елге оралады. 15 жасынан бастап өлең шығара бастайды, ертедегі жыр дастандарды жаттап үйреніп тойларда айтып машықтанады. Ел басына түскен табиғи ауыртпалықтарды, елеулі тарихи оқиғаларды жырлауда Сәттіғұл өзінің үнін қосып отырған. 1910 жылғы өзі көзімен көрген, Маңғыстау елін ойсыратып кеткен әйгілі жұтқа арнап «Ол ит жылы деген жыл еді» деген жыр-дастанын шығарды, 1916 жылғы патша үкіметінің «Июнь жарлығына» байланысты Маңғыстаудан майдандағы қара жұмысқа 3 мың адам алынуына байланысты «Замананың сазына» толғауын, «Иса – Досан» көтерілісіне «Досан батыр» дастанын өмірге келтірді.

Заман ағымына қарай кеңес үкіметін де жырларға қосып үгіттеді. 1926 - 1957 жылдар аралығында мәдениет саласында қызмет жасады. Облыстық, республикалық айтыстарға қатысып, жеңімпаз атанды. Екі рет: 1936, 1939 жылдары Москва қаласында өнерпаздар байқауына қатысты. 1961 ж. Қазақ ССР-ы Жоғарғы  Кеңес Президиумының  бұйрығымен «Халық ақыны» атағы берілді. Ақынның 1996 жылы шежіреші Жетібай Жылқышұлының жинақтауымен «Аманат» атты жыр жинағы жарық көрді. Басылымға ел арасында кеңінен тараған өлең, арнау, толғау, насихат сөздер, айтыс, көңіл айту, жұбату, тарихи дастандары енген. Сәттіғұл екі ғасырдың куәсі, 90 жасаған ғасыр сырласы. Ақынның бейіті Тұщықұдықта, Айдар ишан қауымында.

Сәттіғұл ақынмен қанаттас және шәкірттерінің бірі – Түмен Балтабасұлы. Ол Бозашының Қызан деген жерінде дүниеге келеді. Ақпа-төкпе ақын ретінде Түмен 60 жасқа келгенде ғана ағытылады. Бұл туралы ер арасында аңыз сақталған. Бірде әкесі Балтабас жыр жаттап, жиын, тойда термелер айта бастаған Түменге айтыпты: «Балам, тақтақтың түбі тақ-тұқ болар, сөз айтуыңды қой», - деп. Осыдан кейін ақын жырды қойып, шаруа күйттеп кетеді. Үлкейген шағында жалғыз ұлы Сайын қайтыс болған соң, «Енді тақ-тұқ болмаған нем қалды?»- деп жыр жырлап, қайтадан ақындық жолға түседі.  Жыршылық жолға кеш келгенмен артына өшпес мұра қалдырды: «Маңғыстау», «Жеңіс жыры», «Қазақстан» жыр толғаулары. Түменнің бір пара жырлары сын, сықақтық сипатта болып келеді: «Ақын мен жирен ат», «Көк жылқының айтқаны». Бейіті Таушықтағы Үйтолы қауымында.

Табиғат берген өнер дарынын халқына сыйлап, оның ыстық ықыласы мен құрметіне бөленген асыл перзенттердің бірі ақын Сүгір Бегендікұлы. Жырау Маңғыстаудың Өгіз өреулі жерінде дүниеге келген. Сүгірдің ауылдары қыста Аққуыс-Шөжік, Ақпан, Ажырықты ой, Сенек-Сұмса, Қызылсу, Аққұдық өңірлерін қыстап, жазда Үстірттің Ұзын, Уәлі, Дүңгірлек, Дауысты, Жүзадым құдықтары маңын, Жем бойын жайлаған. Бала кезінде Саздыдағы Бәли Нұрнияз ахуннан дәріс алады. 16 жастан бастап ел ауызына ілініп өнері бағаланады. Бүкіл елге оны әйгілеген 1921 жылы өткен Әли Тауанның асы. Осы жиында ол үздік өнер көрсетеді. Ел арасына «Сүгірдің әні», «Сүгірдің термесі», «Сүгірдің жыр-сазы» тәрізді әуендер тарайды. 1930 жылдары көшкен елмен бірге Сүгірлерде Хорезмнің ойына ауады.Ата қонысына 1967 жылы келіп, 1971 жылы Қызылсайға қоныс аударады. Сол жерде 1974 жылы 80 жасында көз жұмады. Бейіті Шопан ата қорымында. Мұрын, Қашаған, Сәттіғұл жырауларды өзіне ұстаз санаған. Бұрынғы дәстүрлі ақын-жыраулардың шығармаларымен қатар өзінің шығарған терме, толғауларын халық арасына насихаттап өткен. «Арман», «Елді сағыну», «Қоштасу», «Терме». Ұлы Отан соғысы кезінде «Аттандыру», «Аманат», «Жоқтау» тәрізді патриоттық рухтағы жырларын шығарады. 

Отпан сайтынан.



«Адайдың жеті қайқысы» мен «Адайдың бес жүйрігі» Кіші жүз халқы арасында «Адайдың жеті қайқысы» мен «Адайдың бес жүйрігі» атанған  жырау жыршылар ...

Перейти к новости  

“Адайдың жеті қайқысы” — 19 ғасырдың 2- жартысы мен 20 ғасырдың бас кезінде Маңқыстау түбегінде өмір сүрген халық өнерпаздары, сал-серілер. Олар: ...

Перейти к новости  

КОНТАКТНЫЙ ТЕЛЕФОН

+7 (7292) 30 31 13

РАБОЧИЙ ГРАФИК

Вторник - Пятница: 09:00-18:30
Суббота - Воскресенье: 10:00-18:30

Понедельник - выходной

Правила пользования услугами универсальной библиотеки

Прочесть