РусскийҚазақша             RSS Twitter Facebook
Бүгінгі таңда облыстық кітапхананың кітап қорында 400 мыңнан астам кітап және 1 миллионға жуық мерзімді басылымдар бар
Телефон:   +7 7292 51 46 24 Толық байланыс мәліметтері

Қабиболла Сыдиықұлы

Қабиболла Сыдиықұлы (1934, Қарақұм мекеніМаңғыстау облысы – 2001, Алматы) – әдебиеттанушы, филология ғылымының кандидаты (1966). Атырау оқытушылар институтын (1955) және ҚазМУ-дың (қазіргі ҚазҰУ) филология факультетін (1960) бітірген. Атырау педагогикалық институтында оқытушы, доцент қызметін атқарды (1960 – 69), ҚР Ұлттық ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтының әдебиет тарихы бөлімінде кіші, аға ғылыми қызметкер (1962 – 82), Форт-Шевченко қаласындағы Т.Г. Шевченконың мемориалдық мұражай-кешенінің директоры болған. 1984 жылдан өмірінің соңына дейін Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болды. С. жергілікті және республикалық баспасөз беттерінде 1949 жылдан өлең, очерк, мақалалар жариялады. 1959 – 85 жылы Атырау, Маңғыстау, Орал, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан (Тарбағатай, Зайсан) өңірін, Түрікменстан, Қарақалпақстан аймағын аралап, халықтың әдеби-мәдени мұраларын жинайды. Әдебиет және өнер институтының әдеби һәм муз. мұралар жинау жөніндегі 1986 жылғы Өзбекстан, Тәжікстан экспед-на, 1987 жылғы «Маңғыстау» энциклопедиясына, т.б. ғылыми жетекшілік етті. Ақын, жыраулар мұрасын, халық әндерін, домбыра күйлері мен жыр күйлерін (жыр әуендерін), ауыз әдебиеті нұсқаларын, шежірелер мен тарихи деректерді жинауға зер салады. Атырау, Маңғыстау аймағының әдеби, мәдени, тарихи мұраларын және Мұрын жыраудан жазылған «Қырымның қырық батырын» зерттеп, жариялаудағы еңбегі үшін С-на 1991 жылы Форт-Шевченко қаласының құрметті азаматы атағы берілді. Құлсары қаласының бір шағын ауданы Сыдиықұлы атында; аудан орталығында Сыдиықұлы ның кеуде мүсіні орнатылған. Жылыой ауданнының (Атырау облысы) құрметті азаматы (1994).[1] [2] [3]

[4]

Дереккөздер[өңдеу]
  • Біртума жыр саңлақтары, А., 2001;
  • Каспий қайраңы, киелі өнер, А., 2001;
  • Атамекен, А., 2004;
  • Таңдамалы шығармалары, 2-т., А., 2007.
  1. Жоғарыға көтеріліңіз↑ «Маңғыстау» энциклопедиясына, Компьютерлік-баспа орталығы, 2007
  2. Жоғарыға көтеріліңіз↑ «Қазақ Совет энциклопедиясы» (12 томдық), Алматы, 1972 – 1978;
  3. Жоғарыға көтеріліңіз↑ [[Маңғыстау энциклопедиясы]], Алматы, 1997;
  4. Жоғарыға көтеріліңіз↑ «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы (10 томдық), Алматы, 1998 – 2007. 

ҒЫЛЫМНЫҢ ҚАРА НАРЫ – ҚАБИБОЛЛА

Жыр-шашу

БІРЕГЕЙІ ҰЛТЫМНЫҢ

Ғалым, ақын, ұстазым

Қабиболла Сыдиықұлының рухына!

Таланттылар келе жатқан шоқтанып,

Қаби аға төңірегіне топтанып,

Жүруші еді, ал ол болса үрлейтін,

Әр жүректен жанатұғын от тауып.

Ғұмырында таныта алып ірілік,

Кеткен тұлға тарихқа кірігіп.

Бірге өзімен жүр ғаламда абыздар,

Ғасырлардың қойнауынан тіріліп.

Әдебиет әлемінің қыр-сырын,

Ескі жырдың біз білмейтін тылсымын,

Құйып миға таңдандырды, ғылымның

Шырқ иіріп жатқандай-ақ ұршығын.

Қабекеңдей кең аралап жұртымның,

Ашты көне шежіресі құлпын кім?!

Өзі өрген өлмес, өшпес даңқымен,

Жасай берер бірегейі ұлтымның.

ДАРЫН ДАРА

Халқымның жыр кенішін саралауы,

Атағын нұрлы күндей даралады.

Орнында тұр данагөй тұғыры асқақ,

Ғылымның батпан жүкті қара нары.

Сөйлесе сөзі ерен сары алтындай,

Қоспады үн кер ауызға қаралтымдай.

Самғады ол баппен ғана қияндарға,

Сұңқардың кеңге сермер қанатындай.

Бағыттан мақсат тұтқан қайтқан емес,

Таппаған болмашы бір жайттан егес.

Сырты да, іші де оның аппақ еді-ау,

Біреуге бір лағнет айтқан емес.

Шаң қауып, менсінбеген ұлық қалды,

Жолы да ор қазғанның тұйықталды.

Кім бөгет бола алады шын ғалымға,

Мінеки, Қаби дегдар ұлықталды.

Жалғанның алақанын күлбіретіп,

Желегін ақиқаттың үлбіретіп.

Тәлімін берген ондай хакім аз-ау,

Шәкіртін мәпелеген үлдір етіп.

Даңқын әуелеткен көкке, міне,

Ауылға, аймағына, мектебіне,

Жылыойға, жұрт риза арысының,

Мүсінін нық орнатқан бөктеріне.

Ұлыны ұлықтаудан жаңылмаған,

Айналдым, пейіліңнен тарылмаған,

Қазағым, мақтан, шалқы, төріңде тұр,

Сексеннің шыңына өрлеп дарын дараң.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

шәкірті, Қазақстанның Құрметті журналисі,

Атырау қаласы. 

Жарияланған күні: 13-10-2016  
Оқылған саны: 279