РусскийҚазақша             RSS Twitter Facebook
Бүгінгі таңда облыстық кітапхананың кітап қорында 400 мыңнан астам кітап және 1 миллионға жуық мерзімді басылымдар бар
Телефон:   +7 7292 51 46 24 Толық байланыс мәліметтері

Маңғыстау облыстық кітапхана туралы мәлімет

КІТАПХАНА- мәдени- ағартушылық мекеме. Кітапхана баспасөз шығармаларын жинау, сақтау, насихаттаумен, оқырмандарға баспасөз шығармаларын берумен, библиографиялық ақпарат жинау, мәдени-ағарту және ғылыми-көпшілік жұмыстарын ұйымдастырумен шұғылданады.

Облыстық әмбебап кітапхана  1973 жылы 12-қыркүйекте Маңғыстау облыстық атқару комитетінің шешімі бойынша ашылды. Алғашқы ұйымдасу кезінде 2 адамнан ғана (Аксельфельд Т.Л., Кравченко Г.И.) тек кітап қорын жинақтаудан бастады. Алғашқы кітапхана директоры болып физика-математика маманы Әшімбаева Нәйла Закирқызы тағайындалды.
1976 жылы  халықты рухани азықпен қамтамасыз ету үшін және олардың талап-тілегін қанағаттандыруда елеулі бетбұрыс болып, облыстық мәдениет басқармасының «Мемлекеттік көпшілік кітапханаларын халыққа кітапханалық қызмет көрсетудің орталықтанған жүйесіне көшіруге дайындау жайында» бұйрығы болды.
Соған байланысты Бейнеу, Ералы, ал кейінірек Мұнайлы аудандары ашылып,  аудан көлемінде халықты рухани қамтамасыз ету үшін кітапхана тораптары құрыла бастады.

Кітапханаларды орталықтандыру ісі 1980 жылы аяқталды. Сол кезеңдерде осы жұмыстардың бастауында облыстық кітапхана қызметкерлері Үмбетова А.С.,  Ибраева С.И., Искакова З., Костина В.В., Остапенко О.П., Нам И.Б. т.б. тұрды.
Бүгінгі таңда облыстық кітапхананың кітап қорында 400 мыңға жуық кітап және 1 млн-ға жуық мерзімді басылымдар бар, аудан, қалалардағы 66 кітапхана үшін әдістемелік орталық қызметін атқарады.
Кітапханаға жылына 20 000-ға жуық оқырман қабылданып, оларға 400 000-ға жуық баспа басылымы беріледі. Жыл сайын кітапхана қоры 3 млн-ға жуық теңгенің кітап және баспасөз материалдарымен толықтырылады.
Қазіргі заман талабына сай кітапхана компьютерлендірілген, кітап қорын электронды каталогқа енгізу басталып, РАБИС бағдарламасы орнатылған, интернет желісіне қосылған.
Кітапхана «Арман» жастар орталығымен, қаладағы әртүрлі ұлттық-мәдени орталық өкілдерімен, 
әскери бөлімдермен байланыс жасап, оқырмандарды елжандылыққа, Отан сүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында жұмыстар жүргізеді. Кітапханада жергілікті ақын-жазушылармен, еңбек адамдарымен әр түрлі кештер, кітап беташары, конференциялар өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, кітапхананың көзі көрмейтін және нашар көретн азаматтарға арналған бөлімінде арнайы көз мүгедектері үшін бедерлі- нүктелі қаріптегі, дыбыстандырылған және үлкен қаріптегі әдебиеттерді жинақтап, олардың ақпарат алуына және бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасайды. Бұл бөлімде арнайы АИС СБ РК бағдарламасы жұмыс жасайды.

Кітапхана қызметкерлері жыл сайын республикалық конференцияларға қатысып, өз білімдерін жетілдіруде. Осы ұжымға көп жылдар бойы  мәдениет саласында қажырлы еңбек еткен Ақжарқын Сидағұлқызы Үмбетова басшылық жасап, құрметті еңбек демалысына шықты.
Қазіргі күні Маңғыстау облыстық кітапханасын Айтуарова Зәуре Жаншақызы басқаруда. Қазіргі таңда ұжымда барлығы 35 кітапхана қызметкері еңбек етеді.  

Қосымша ақпарат:

Маңғыстау облысындағы білім беру, кітапхана жүйесіндегі мекемелерге атау беру және қайта атау туралы

Жарияланды: 24.10.2016

Өзгертілді: 30.11.-0001

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 10-бабының 4-1) тармағына, «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы №281 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Ақтау қаласындағы «№7 мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Нәсіпқали Марабаевтыңесімі берілсін.

2. Маңғыстау облысының білім басқармасының «Маңғыстау гуманитарлық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынына Мұрын жырау Сеңгірбекұлының есімі берілсін.

3. «Мектепке дейінгі шағын орталығы мен гимназия сыныптары бар №22 жалпы білім беру орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Серікбол Қондыбайдың есімі берілсін.  4. Түпқараған ауданындағы «№1 жалпы білім беретін мектеп-лицейі» мемлекеттік мекемесіне Ғұбайдолла Айдаровтыңесімі берілсін.  5.  Маңғыстау облысының Мәдениет басқармасының «Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасы» мемлекеттік мекемесіне Қабиболла Сыдиықовтың есімі берілсін.    6. Ақтау қаласындағы «Мектепке дейінгі шағын орталығы мен гимназия сыныптары бар №8 жалпы білім беру орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Исатай Сүйеубаевтың есімі берілсін.

7. Маңғыстау ауданы «Ұштаған орта мектебі» мемлекеттік мекемесі «Асқар Өтепбергенов атындағы орта мектебі» мемлекеттік мекемесі болып қайта аталсын.

8. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі Б.Сағынтаев

сайт Әділет